RU
Толық нұсқаға өту

Биыл елімізде 2000 жұмысшы баспаналы болды

02.10.2025, 17:43 397

Биыл елімізде «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы басталғалы бері 2 мыңға жуық еңбек маманы жаңа пәтерге ие болды, деп хабарлайды 24kz.

Жасалған келісімдердің жалпы құны – 46 млрд 400 млн теңге. Қатысушылардың орташа жасы – 31 жас. Жұмысшыларға берілген қарыздардың шамамен 80%-і ер азаматтарға тиесілі екен.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Жасұлан Мәтенов құрылыс саласында прораб болып жұмыс істейді. Қостанай облысының тумасы елордаға осыдан 20 жыл бұрын қоныс аударған. Алғашында баспанадан қиналғанын айтады. Бірақ биылдан бастап іске қосылған «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы арқылы пәтер кілтін алуға ниеттеніп отыр. Оның үстіне өзі қызмет ететін компания басшылығы алғашқы жарнасын өтеусіз негізде төлеп берген.

Жасұлан Мәтенов, Құрылыс компаниясының қызметкері:

- Осы жылдың басында «Наурыз жұмыскер» деген бағдарлама ашылды. Оған қатысуға екі ғана шарты бар. Жұмыс маманы болу және «Отбасы банкте» есепшот болу. Алғашқы жарна бар, оны өз басшылығымыз берді. Соның арқасында үйлі болдық. Қазір міне, салынып жатыр. Дәл артымызда менің болашақ пәтерім.

Бағдарламаға келесі салалардың қызметкерлері өтініш бере алады: ауыл, орман және балық шаруашылығы, тау-кен және өңдеу өнеркәсібі, электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және кондиционерленген ауамен жабдықтау, сумен жабдықтау, су бұру; қалдықтарды жинау, өңдеу және жою, ластануды жою жөніндегі қызмет, құрылыс, тасымалдау және сақтау.

Дәрия Бәтенова, «Otbasy bank» АҚ Орталық филиалы директорының орынбасары:

- Талаптарына тоқталып кететін болсақ, өзімізге белгілі «Наурыз» бағдарламасының талаптары болып саналады. Тек бұл жерде ешқандай конкурсқа қатысудың қажеті жоқ. Соңғы 5 жылда үй болмауы керек. Барлық қазақстандық және қандастар осы бағдарламаға қатыса алады. 30 млн барлық аймақта, ал Астана мен Алматы қаласында 36 млн теңгеге дейін несие алуға болады. Егер процентіне келетін болсақ, 7-9% арасында.

Бастапқы жарна қарыз сомасының 20%-ін құрайды. Алайда тұрғын үйді таза әрленген жөндеуімен алса, жарна 10%-тен басталады.

Айта өткен жөн, «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы шеңберінде 8 мыңнан астам еңбек маманы қамтылмақ. Бағдарламаға қатысушылар қолайлы тұрғын үй кешені мен пәтерді «Баспана Маркет» порталы арқылы таңдай алады.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ғалымжан Абдылахат, Досхан Қораз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz