Елде екінші суперкомпьютер кластері іске қосылады. Бұл жайында бүгін Digital Bridge форумында сөз сөйлеген Президент мәлімдеді.
Жиында Мемлекет басшысы әлем жасанды интеллект дәуіріне қадам басқанын айтып, цифрландыруды табысты дамыту үшін қаржы мен ресурс, заманауи білім, сондай-ақ этикаға негізделген мәдениет қажеттігін жеткізді.
Сондай-ақ бүгін «Alem.ai» халықаралық жасанды интеллект орталығы өз жұмысын бастады.
Риат Шони, тілші:
- Digital Bridge халықаралық технологиялық форумы. Жаһанның жаңа идеялары тоғысқан бұл алаңға биыл да сан саланың майталмандары жиналды. Көкейкесті мәселе – цифрлық дәуірдің болашағы, жасанды интеллекттің келешегі мен инновацияның игілігі. Форумның осы жолғы тақырыбы айрықша – Generative Nation. Яғни, Қазақстан енді технологияны тек тұтынушы ғана емес, өндіруші ел ретінде әлемге танылуды мақсат етеді. Жиынның пленарлық отырысында сөз алған Президент жаңа технологияны адамзат игілігіне пайдалану біздің басты міндетіміз екенін атады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сарапшылардың бағалауынша, жасанды интеллектінің дамуына соңғы жылдары дүние жүзі бойынша бір триллион доллардан артық инвестиция салынған. Ал аталған саланың әлемдік экономикаға қосатын үлесі таяу онжылдықта жеті триллион долларға дейін жетуі мүмкін. Әйтсе де, мұндай оң нәтижеге аталған технологияны жауапкершілікпен пайдаланған кезде қол жеткізуге болады. Біздің міндетіміз – жаңа технологияны адамзат игілігіне пайдалану, оны прогресс пен ынтымақтастықтың қозғаушы күшіне айналдыру.
Қазір жаһан жұртшылығы жасанды интеллект дәуіріне қадам басты. Ақылды зерденің мүмкіндіктері мол. Оны әскери салада, кибершабуылдарға және халықаралық тұрақтылыққа қатер төндіретін жобаларда пайдалануға ниеттілер де жоқ емес.
Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз жасанды интеллектіні тек бейбіт мақсатта ғана қолдануға тиіс деп батыл түрде мәлімдейтінін жеткізді. Себебі, Қазақстан бейбітшілік пен қауіпсіздік жолын таңдаған. Оған 30 жылдан астам уақыт бұрын ядролық қарудан өз еркімен бас тартқанымыз да дәлел.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- БҰҰ Бас Ассамблеясының таяуда өткен сессиясында мен Қазақстанның Ұйым аясында жасанды интеллектіні басқару жөніндегі жаһандық диалог жұмысына атсалысуға дайын екенін растадым. Біз серіктестеріміздің бастамаларын, соның ішінде Қытайдың ЖИ саласындағы жаһандық ынтымақтастық ұйымын құру туралы ұсынысын қолдаймыз.
Әлемнің кей алпауыттары қару санын арттырып жарысып жатса, еліміз технологиялық прогресс жолын таңдап жетілдіруде. Қазақстан үшін басты мақсат – үш жыл ішінде толыққанды цифрлық мемлекетке айналу. Осыған орай бірыңғай цифрлық экожүйе құрылып, жасанды интеллектіні дамытуға арналған заңнамалық негіз жасалып жатыр. Мәжілістің «Жасанды интеллект туралы» заңды қабылдауы мен Цифрлық кодексті әзірлеу – осы бағыттағы шешуші қадамдардың бірі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сондай-ақ бүгін «Alem.ai» халықаралық жасанды интеллект орталығы өз жұмысын бастайды. Бұл орталықты инновациялар мен тың идеялардың мекені деуге болады. Жалпы Қазақстан осы саладағы кез келген ынтымақтастыққа ашық. Сондай-ақ біз елімізде екінші суперкомпьютер кластерін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Жасанды интеллект технологиясын жауапкершілікпен қолдану өте маңызды. Сондықтан жаңа университет және «Alem.ai» орталығы біртұтас экожүйенің негізгі өзегі ретінде қызмет етуі керек.
Қазақстан Еуразиядағы негізгі цифрлық хаб ретінде осы бағыттағы өз позициясын айтарлықтай нығайтып келеді. Digital Bridge форумына осы уақыт ішінде 67 мыңнан астам адам келіп, 500-ден аса ІТ-компания және 100 елдің өкілі қатысқан. Сондай алпауыттардың бірі –Telegram. Былтыр елімізде алғашқы аймақтық кеңсесін ашқан еді. Енді міне, тағы бір ақжолтай хабарды компанияның негізін қалаушы Павел Дуров өзі жеткізді.
Павел Дуров, Telegram негізін қалаушы және бас атқарушы директоры:
- Бүгін біз Alem.ai орталығында арнайы жасанды интеллект зертханасын ашып жатқанымызды зор қуанышпен мәлімдеймін. Бірінші кезекте, біз Жасанды интеллект министрлігі іске қосқан Қазақстанның суперкомпьютерлік кластері мен Telegram-ның бірлескен жобасын жүзеге асырамыз. Бұл технология миллиардтан астам адамға жасанды интеллект функцияларын құпия, ашық әрі тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Қазақстандық суперкомпьютерлік кластер осы желі үшін есептеу қуаттарының алғашқы ірі жеткізушісі болады деп үміттенеміз.
Еліміздің қазіргі цифрлық жетістіктерін Еуропаның қақ ортасындағылар да көріп отыр. Бүгінгі форумға мәртебелі мейман ретінде қатысқан Мажарстан Президенті Қазақстанның табысты жемісін жоғары бағалап өтті. Сонымен қатар кез келген технологияның адам игілігі үшін жұмыс істеуі керектігін есте сақтауға шақырды.
Тамаш Шуйок, Мажарстан президенті:
- Соңғы онжылдықтарда Қазақстан технологиялық даму орталықтарының біріне айналды, мұны байқамау мүмкін емес. Біз жасанды интеллектіні қолданудың көптеген салаларында зор мүмкіндіктер көріп отырмыз. Алайда, адам өмірі тек прогресс қана емес, сонымен бірге құқық пен абыройдан тұратынын ұмытпаған жөн. Біз технологиялар адамдарды бөлшектемейтіндей және оларды құралға айналдырмайтындай әрекет етуіміз керек.
3 жыл ішінде Қазақстан толықтай цифрлық басқару жүйесіне көшпек. Бұл мемлекет пен қоғамның қарым-қатынасын жаңа деңгейге шығарады. Бұл ретте Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылып, сандық жүйелерді барлық салаға енгізудің негізгі қозғаушы күшіне айналу міндеті қойылды. Президенттің сөзінше, цифрландыру ұлтымыздың менталитетіне де оң әсерін тигізеді. Яғни, еліміздің қоғамдық өмірі заманауи сипат алып, технологиямен біте қайнасады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бүгін маған «Самұрық-Қазына» директорлар кеңесінің ЖИ технологиясымен жұмыс істейтін виртуальді мүшесінің қызметін көрсетті. Бұл – ұлттық суперкомпьютер мен Қазақстандағы Alem LLM үлкен тілдік модель базасында іске асырылған Орталық Азиядағы алғашқы жоба. Ішкі үдерістердің бәрін оңтайландыруға септігін тигізетін мұндай шешімнің маңызы зор.
Жасанды интеллект пен цифрландыруды табысты дамыту үшін үш нәрсе қажет: қаржы мен ресурс, заманауи білім, сондай-ақ этикаға негізделген мәдениет. Демек, бастысы - әділ шешім қабылдап, барлығын ашық әрі жедел атқару қажет. Сондай-ақ Президент сан салаға енгізіліп жатқан цифрландыру мен нейрожеліні пайдалану мемлекеттік басқарудың жаңа философиясына айналуы керектігін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Әрбір жаңа мемлекеттік қызмет көрсету ең әуелі цифрлық форматта жасақталуға тиіс. Бұрын ұсынылған мәліметтерді қайта сұратудың керегі жоқ. Бұдан бөлек, мемлекет пен азаматтардың қарым-қатынасына байланысты барлық нормативтік актілер бекітілгенге дейін міндетті түрде цифрлық сараптамадан өткізілуі қажет. Соның нәтижесінде азаматтар мен кәсіпкерлер бюрократиядан құтылып, олардың мемлекеттік институттарға деген сенімі нығая түседі. Сонымен қатар халық несие беруден бастап мемлекеттік қызмет көрсетуге дейінгі алгоритм жүйелерінің қалай жұмыс істейтінін білуі әрі түсінуі керек.
Алдағы жылдан бастап форум AI Bridge атауымен өтпек. Президент осындай ұсыныс тастады. Алайда оның басты мақсаты өзгермейді. Ол технология алпауыттары мен стартаптарды, ғылым мен бизнесті, мемлекет пен азаматтарды біріктіретін маңызды алаң болып қала береді. Қасым-Жомарт Тоқаев келешекте адамзат дамуының негізгі бағдары жасанды интеллектіге тікелей байланысты болатыны анық дейді. Дегенмен, қазір ол адам секілді қиялдап, сезіне алмайды.
Болашақта бұл өзгеруі мүмкін. «Сондықтан машина қанша мықты болса да, адам ақылы мен қиялы одан жүйрік болуы керек», - дейді, Президент.
Риат Шони, тілші:
- Жасанды интеллект бүгінде өркениеттің бағытын өзгертіп жатыр. Сондықтан оны тек код жазатындар емес, ойға ой қосатын философтар мен заңгерлер де дамытуға атсалысуы тиіс. Себебі бұл жай ғана техника емес – біздің дәстүріміз бен құндылығымызға әсер ететін үлкен күш. Қауіп мынада: егер алгоритмдер бір топтың ғана мүддесіне жұмыс істесе, онда қоғамға дайын ойлау моделін таңып береді. Бұл – мәдениетке соққы. Сондықтан әділ шешім жалғыз: технология ауылдың да, қаланың да пайдасына қызмет етуі тиіс. Яғни, «таңдаулылардың» құралы емес, барша халықтың игілігі болуы керек. Президенттің де айтары осы.
Авторлары: Риат Шони, Жандос Битабаров
Тегтер #Қасым Жомарт Тоқаев #Digital Bridge форумы #цифрландыру #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz