RU
Толық нұсқаға өту

Президент Н. Тілендиевтің ескерткішінің ашылуына орай құттықтау жолдады

03.10.2025, 19:39 446

Қазақ халқының ұлы перзенті, дәулескер күйші, композитор, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойы туған жері Алматы облысында кеңінен аталып өтіп жатыр.

Іле ауданынының орталығы Өтеген батыр кентінде өнер иесінің еңселі ескерткіші бой көтеріп, Нұрғиса Тілендиев атындағы  мәдениет үйі ашылды. Мемлекет басшысының құттықтау хатын Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева оқып берді.

Алты Алаштың аяулы перзенті, ұлттық музыка тарихында өшпес із қалдырған тұлға Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына арналған мәдени іс-шаралар бұған дейін Париж, Пекин, Мәскеу, Бішкек қалаларында ұйымдастырылды. Міне, бүгін белгілі сазгердің кіндік қаны тамған Жетісу жерінде үлкен той басталды. Мемлекет басшысының осы мерейлі сәтке орай жолдаған лебізін жеткізген мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өз сөзінде ұлы композитордың қазақ мәдениетіне қосқан өлшеусіз еңбегін ерекше атап өтті.

Аида Балаева , ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

- Мерейтой аясында елімізде және шет елде іргелі мәдени шаралар ұйымдастырылды. Бұл халықтың ұлы тұлғаға деген ықыласы мен құрметі деп білемін. Атап айтқанда, «Түрксой» халықаралық ұйымы 2025 жылды Н.Тілендиевтің жылы деп жариялап, Түркия астанасы Анкарада салтанатты ашылу салтанатын өткізді. Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб пәтерінде «Шабыт бастауы – Нұрғиса Тілендиев мұрасы» атты музыкалық аспаптар көрмесі ашылды.

Нұрғиса Тілендиевтің қоладан құйылған еңселі ескерткішін белгілі мүсіншілер Айдос Бүркітбаев пен Тимур Ермұхаметов жасады. Оның биіктігі – 5 метр. Бұл ескерткіш – ұлы сазгердің қазақ өнеріне сіңірген өлшеусіз еңбегіне деген ел құрметінің айғағы іспетті.

Айдос Бүркітбаев, мүсінші:

- Өзі қоладан, тұғыры граниттен жасалған. Екі айдай уақыт алды. Бұл ескерткішке Алматы облысы конкурс ұйымдастырды. Сол конкурсқа 10 шақты мүсін қатысты. Мүсіндердің ішінен ең жақсы жұмыс осы жұмыс болып табылды. Нұрғиса Тілендиев атамыз бір шетінен күйші, бір шетінен дирежер болды. Сол екі қасиетін сәйкестендіріп жасадық.

Нұрғиса Тілендиев 500-ден аса музыка туындысын; әсем әндер мен күйлерді, опера және балет шығармаларын дүниеге әкеліп, қазақ музыкасын жаңа биікке көтерді. «Ұлы композитор халқымыздың тарихы мен тағдырын, қуанышы мен қайғысын, арман-мұратын өнермен өрнектеп, артында мол мұра қалдырды.

Алтынбек Қоразбаев, Қазақстанның халық әртісі, композитор:

- Бұл келер халқымыз үшін үлгі, үлкен мәдениет. Қазақ бар жерде Нұрғисаның әні, Нұрғисаның күйлері, Нұрғисаның шығармалары әр уақытта қазақтың көкейінде болады. Бұл рухани байлық. Халыққа, жұртқа құтты болсын деп айтамыз. Мәдениет сарайы құтты болсын! Тек қана әдемі әндер, әдемі билер, әдемі күйлер шырқалып тұрсын!

Өтеген батыр кентінен салынған  мәдениет үйіне Нұрғиса Тілендиевтің есімі берілді. Іле ауданының халқы бұл күнді көптен күтті.

Қарлығаш Ахметбаева, Мәдениет үйінің директоры:

- Нұрғиса атамыздың 100 жылдығына орай есімі беріліп, киелі ордамыз ашылып жатыр. Үш қабатты ғимарат, 5588,9 шаршы метр аумақты қамтиды. Қазақстан бойынша жалпы ерекше ғимарат болып тұр. Өйткені 3 қабатты мәдениет үйі бірінші салынуы, ерекше жоба.

Дінзухра Тілендиева, Н. Тілендиевтің қызы:

- Мен үшін ғана емес, отбасымыз, бүкіл халық үшін өте керемет бақыт. Талантты, өнерлі балалар осы жерден шығады және керемет концерттер болады деп үміттенеміз. Әрине, Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» оркестрі ретінде осы жерге келіп, концерт қойғымыз келеді.

Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойында халыққа есігін айқара ашқан мәдениет үйінде белгілі өнерпаздардың қатысуымен концерт өтіп, сазгердің рухына арнап ас берілді. Мерейтойға арналған мәдени-көпшілік іс-шаралар ертең Жамбыл ауданында өтетін дала қызықтарына ұласады.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аманжол Жөңкешов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz