Алматыда Белград қаласы музейінің «Серб әйелі: ғасырлар тоғысында» атты көрмесі ашылды.
Сербия тарихы мен мәдениетінің бірегей мұрасымен таныстыратын көрменің ашылу салтанатына Сербияның Бірінші ханымы Тамара Вучич пен еліміздің Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысты. Көрмені Алматы музейінен тамашалауға болады.
Қазақстан мен Сербия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1996 жылы орнады. Сол сәттен бастап, екі ел арасында достық пен әріптестік дами түсті. Бүгінде бұл байланыс тек ресми келісімдермен ғана шектелмей, мәдениет, білім, өнер салаларында да ауқымды жобалармен жалғасып келеді.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
- Бұл шара – Қазақстан мен Сербия арасындағы достық пен өзара түсіністіктің, мәдени ынтымақтастықтың айқын көрінісі деп білеміз. Қазақ танымында «Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген терең мағыналы сөз бар. Қазақ ұғымында әйел – отбасының тірегі ғана емес, ұлттың рухани және мәдени келбетінің айнасы. Бұл ұғым серб халқына да жат емес екендігін осы көрме айшықтай түсті.
Белград қаласы музейінің жылжымалы көрмесі серб қоғамындағы әйелдің болмысын, рөлін сан ғасырлар бойы қалай өзгергенін көрсетеді. Экспозиция Сербияның 7500 жылға жуық тарихын қамтиды. Археологиялық артефактілер, этнографиялық жәдігерлер, сәндік-қолданбалы өнер туындылары ұсынылған. Олардың қатарында Серб мәдениеті тарихындағы ең маңызды картина да бар.
Тамара Вучич, Сербияның бірінші ханымы:
- Біз үлкен мақтанышпен сіздерді ұлттық рухымызға және әйел адамға деген мәңгілік құрметімізге жақындауға шақырамыз. Ғасырлар бойы Сербия халқы әйелді өзінің өнер туындыларына арқау етіп келді. Соның ең жарқын мысалы атақты «Косово қызы» картинасы. Бұл туындыда 1389 жылғы атақты Косово шайқасынан кейінгі жас қыз бейнеленген. Бұл шайқаста Сербияның даңқты батыры тәуелсіздік жолында жанын қиған.
Көрме Алматы мен Белград арасындағы музейаралық ынтымақтастықтың жалғасы саналады. 2024 жылы Белград қаласында Ханшайым Любица сарайында Алматы музейінің «Ұлы Даланың мәдени мұрасы» халықаралық көрмесі жоғары деңгейде өткізілген болатын. Сербия тарихынан сыр шертетін құнды жәдігерлерді 15 қарашаға дейін келіп тамашалауға болады.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Алматы #музей #Сербия #көрме #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz