RU
Толық нұсқаға өту

Түркістан облысында «Таза Қазақстан» Road-эстафетасы жалғасып жатыр

03.10.2025, 22:42 473

Алматы облысында басталған «Таза Қазақстан» Road-эстафетасы Шымкент пен Түркістан облысына жетті.

Экобелсенділер халықаралық маңызға ие автожол бойын қоқыстан тазалап, табиғатты аялауға үндеді. Керуенге ауыл-аймақтың белсенді тұрғындары да қосылды. Игі науқанға мыңдаған адам атсалысты.

Эстафетаға қатысушылардың күні спорттық шарадан бастау алды. Шымкенттегі дендрологиялық саябақта жасы да жасамысы да жаттығулар жасап, күнді сергек қарсы алды. Оларға «Чемпиондық рух» жобасының негізгі спикерлері Біржан Жақыпов, Арман Оспанов пен Нұрғиса Әділетұлы сияқты спорт саңлақтары бағыт-бағдар берді.

«AMANAT» партиясының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» Road-эстафетасы бұқаралық сипат алды. Алматыдан шыққан керуен Шымкенттегі жаттығудан соң Түркістан облысының аумағына беттеді. Халықаралық маңызы бар жол жиегін қоқыстан тазартып, табиғатқа құрметпен қарауға үндеу жасады.

Арман Оспанов, Аралас жекпе-жектен спорт шебері:

- Түркістан облысының территориясы 370 шаршы км ауқымды қамтиды екен. Соның ішінде 6 ауданға кіріп, тазалықты насихаттап, Road эстафетасын әрі қарай жалғастыратын мақсатымыз бар.

28 жастағы Дияс Талғатұлы табиғатты қорғау бастамасына үлес қосушылардың бірі. Эстафетаға Өскемен атынан қосылып экологиялық науқанда 650 шақырымды артта қалдырды. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» тасжолы бойындағы күл-қоқысты жинап, арнайы полигонға шығаруға атсалысты.

Диас Талғатұлы, экобелсенді:

- Бүкіл Қазақстанға қол ұшымды тигізіп, пайдам тисе маған басқа ешнәрсе керек емес. Қоқыстардың ішінде темір банкалар, алғалды сулықтар, бөтелкелер жиі кездесті. Тазалық жұмыстары барысында жол бойында өтіп бара жатқан көліктер сигнал беріп, жүргізушілер сәлем беріп жатты. Біздің жұмысымызды көріп, жолда қоқыс тастамайды деп үміттенеміз.

Жалпы эстафетаға 4 мыңға жуық адам қатысты. Қоғам белсенділері мен спортшылар, тұрғындар мен «Жастар рухы» жастар қанатының өкілдері бірлесіп, жол жиегін, автотұрақтар мен кемпинг аумақтарын қалыпқа келтіреді.

Жансерік Жұман, «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» ЖҚ ОФ төрағасы:

- Халықты жаңа мәдениеттілік деңгейіне шығару бағытында жүргізілуде деп қабылдадық. Сәйкесінше қазіргі таңда халық тазалық жұмыстарына атсалысып отыр. Бұл өте үлкен жеңіс, жетістік деп білеміз.

Экологиялық акция аясында қоғамдық қабылдау өтті. Парламент Мәжілісінің депутаты бастаған белсенділер аудан азаматтарымен кездесу өткізді. Ауыл-аймақ ажарлана түсуі үшін әр адамды үлес қосуға үндеді.

«Тазалық саулық негізі, мәдениет өлшемі». Осылай деп ұрандатқан экобелсенділер облысқа қарасты алты ауданның аумағын қамтыды. Ертең Шорнақ ауданында жалғасын табады. Жалпы акция аясында 1200 шақырым жол жиегі тазартылмақ.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz