Бас қалада «Digital Bridge Awards» сыйлығы табысталды.
Үздік отандық IT-жобалардың авторларын премьер-министр Олжас Бектенов марапаттады. Сондай-ақ үкімет басшысы Digital Bridge халықаралық форумының пленарлық отырысына қатысты. Ол жасанды интеллектіні цифрландыру және енгізу Президент айқындап берген ел дамуының басым бағыты екенін атап өтті.
Қазақстан «электрондық үкіметті» дамыту бойынша әлемде 24-орында тұр. Ал онлайн қызметтер бойынша озық ондықты түйіндейді. Осылай деген Олжас Бектенов үш жыл ішінде цифрлық елге айналудың маңыздылығына тоқталып, мемлекет басшысының міндетті тапсырмасын орындаудың тетіктерін талқылады.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні дамытуға баса назар аударып, Қазақстанды алдағы үш жыл ішінде нағыз цифрлық елге айналдыру туралы міндет қойды. Үкімет жасанды интеллект және ІТ мамандары қолайлы жағдайдың барлығын жасау үшін белсенді жұмыс жүргізуде. Қазіргі таңда экожүйенің инфрақұрылымы үздіксіз кеңейіп жатыр. Білім беру ресурстары да азаматтарға қолжетімді.
Айтайық, қазір 500 мыңнан астам адам жасанды интеллек негіздері бойынша білім алуда. Ал 20 жоғары оқу орнында нейрожелінің өнімдері өндірісте қолданылады. Сондай-ақ стартап жобалар да жасалып жатыр. Бірсыпырасы бүгінгі басқосуда таныстырылды. Мәселен, өнертапқыш Садық Шерімбек жетекшілік ететін команда күрмеуі қиын есептерді оңай шешуге шыңдайтын платформа ойлап тапқан. Қазір жаңа жоба арқылы 1,3 млн жас математиканы жеңіл меңгерген.
Садық Шерімбек, өнертапқыш:
- Біздің платформа қайталау арқылы және математиканы оңайлайту арқылы сол балаларды математиканы әрі қарай үйренуіне, әрі қарай жалғастыруына толыққанды бір мүмкіндік жасайды деп айта аламыз. Оны біз қалай жасаймыз? Индификация, тірі менторлар, иай арқылы солай жасайтын мүмкіндікке ие болдық. 2024 жылы біздің жылдық айналымымыз 13 млн доллардан асты.
Ал Нұрасыл Жарбасов мұнай өндіруде өнімділікті арттыратын құрал ойлап тапқан. Құрылғы жасанды интеллект арқылы өндіріс көлемін 10 пайызға дейін көбейтуге қауқарлы. Тың технологияға мұхиттың арғы бетіндедегі компанияларда қызығушылық танытып отырған көрінеді.
Нұрасыл Жарбасов, өнертапқыш:
- Бүгінгі таңда біздің мемлекет басшысының жолдауында айтылған үлкен түйін барлық ірі кәсіпорындарда, барлық өндірістік кәсіпорындарда оңтайлы өнімділікті арттыру, тиімділікті арттыру мәселесі қолға алынып жатыр. Сол орайда біздер еліміздегі мұнай кәсіпорындарында мұнай табушыларға өзіміздің осы жасанды интеллектіні ұсынығымыз келеді.
Жыл соңына дейін IT-қызметтер экспортын 1 млрд долларға жеткізу жоспарланып отыр. Ол үшін озық өнертапқыштарды қолдау қарқын алады. Соның бір мысалы ретінде Олжас Бектенов бірқатар жоба жетекшілерін марапаттады.
Шернияз Жалғасбекұлы
Тегтер #Астана #Digital Bridge 2025 #Бектенов #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz