RU
Толық нұсқаға өту

Атырау облысында мал азығына шекті баға қойылды

04.10.2025, 21:21 474

Атырау облысының Мақат ауданында мал азығына шекті баға қойылды.

Топырағы тұзды, климаты  қатал Мақаттың   шаруалары жем-шөпті көршілес Қызылқоға ауданының аумағында   дайындайды. Тасымалданатын пішеннің құны шаруаның қалтасына салмақ болмасын деп, нақты баға бекітілді. Шөптің бір орамасы 7 мың теңге. Аудандағы 30-дан астам шаруашылыққа 1000 тоннадай пішен қажет. Қазір жартысынан көбі дайындалып, қыстақтарға жеткізілді. 

Күздің жаймашуақ күнін  тиімді пайдаланып қалуға тырысқан бригадаларында тыным жоқ. Орылып, бауланған шөпті көліктерге артып жатыр. Бұл бригада қар түскенше 1200 гектардан астам алқапты шауып үлгеруі керек. 

Арыстанбек Кенже, тілші:  

- Бұл көріп тұрғандарыңыз «Дәулетқазған» шабындық алқабы. Бұл араға пішеншілердің орақ салғанына 20 күндей болған екен. Биыл шөптің шығымы жаман емес, әр гектарынан 6-7 центнер шөп аламыз деп жоспарланып отыр, дейді олар. 

Абзал Сағынтайұлы, бригада мүшесі:  

- 20 күнде 5 гектардай жер шабылды. 130-150 рулондай шөп түсті. Биыл енді жауынның жақсы болуына байланысты шөптің шығымы жаман емес. Алдағы уақытты ауа райы қолайсыздық білдірмесе, шаба береміз деген ойдамыз. Өзімізге 300 рулондай шөп алуымыз керек. Артылып жатса, халыққа сату ойымыз бар. 

- Сатылатын шөп бағасының шекті мөлшерін жергілікті билік қадағалайды. Өңірдің негізгі мұнай-газ өнеркәсібі орналасқан Мақат ауданында шабындық жер жоқ. Олар қысқы мал азығын көршілес Қызылқоға ауданында дайындайды. Осы мақсатқа ауданаралық келісім негізінде 14 мың гектар шабындық пен жайылым жер алынған. Қыркүйек айынан бастап 4 бригада шабындыққа шалғы салды. 

Берік Кенжеғалиев, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы: 

- Жалпы Мақат ауданы бойынша 31 шаруа қожалығы бар. Биылғы шөптің қажеттілігі 1 мын тоннадай деп есептеліп отыр. Қазіргі таңда қыстақтарға соның 540 тоннадайы жөнелтілді. Сонымен қатар кәсіпкермен меморандум жасақталып, 1 рулонның бағасы  7 мың теңгеден асырмауға қол қойылды.  

Биылғы қысқа облыс шаруашылықтары үшін 605 мың тонна мал азығы керек. Қазір оның  жартысынан астамы дайындалып, қыстақтарға жеткізіліп жатыр. Негізінен шөбі бітік шыққан Қызылқоға, Құрманғазы және Жылыой аудандарынан тасмылданады. Сондай-ақ қажетті 44 мың тонна құрама жем сатып алуға көршілес Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарымен келісім жасалған. 

Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Амантай Мәтенов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz