Абай облысы Көкпекті ауданының мұғалімі ауыл мектебіне халықаралық тәжірибені енгізіп, білім сапасын артыруға үлес қосып жатыр.
Математика пәнінің мұғалімі Нұрлан Құмаров «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Ол сабақта жаңа технологиялар мен заманауи платформаларды қолданады. Оқушылардың қызығушылығы жоғары.
Нұрлан Құмаров Мәскеудегі оқуын тәмамдаған соң туған жеріне оралып, ауыл мектебінде математика пәнінен сабақ беріп жүр. Жас педагог дәстүрлі әдістермен шектеліп қалмай, заманауи тәсілдерді шебер қолданады. Әлемдік деңгейде танылған DreamBox, Khan Academy, GeoGebra сынды онлайн платформаларды сабаққа енгізіп, білім сапасын жаңа деңгейге көтеруді мақсат етіп отыр.
Нұрлан Құмарбекұлы, математика пәнінің мұғалімі:
- Білім - жаңа мүмкіндіктер мен кез-келген есікті ашатын күш. Сондықтан адамның қалада немесе шалғайдағы ауылда дүниеге келгені маңызды емес екенін өз тәжірибем арқылы ауыл балаларына көрсеткім келеді. Бұл мен үшін тек жеке даму емес. Сонымен қатар үлкен қоғамдық міндет.
«Бұрыңғыдай емес, сабақ ерекше өтеді»,- дейді балалар. Оқушылар математиканы күрделі есептер жиынтығы емес, қызықты пән ретінде қабылдай бастаған. Сондықтан сабаққа ынта-ықыласпен қатысып жүргендерін жасырмайды.
Айзере Алғазинова, оқушы:
- Жаңа технологияларды қолдану арқылы көп жаңа ақпарат аламыз. Сабағымызды тиімді және нәтижелі етеді. Мен Нұрлан Құмарбекұлынан үлгі аламын. Ол келгелі бері біздің осы пәнге қызығушылығымыз арта түсті.
Арай Қалиева, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
- Бұл ауыл мектебінің оқушыларына жаңа бір тың бағыт деп білемін. Нұрлан Құмарбекұлынан біз үлкен үміт күтеміз. Оқушыларымызды білім шыңына жеткізіп, биік жетістіктерге жеткізеді деп ойлаймын.
Абай облысында 16 мыңнан астам мұғалім жұмыс істейді. Олар үнемі біліктілілігін арттырып, арнайы курстардан өтіп тұрады.
Ринат Қажиақпаров, аудандық білім бөлімінің басшысы:
- Қазіргі уақытта ауданда 470 ұстаз бар. Олар қазіргі уақытта біліктілік курстарынан өтіп жатыр. Ардагерлеріміз зейнетке шыққаннан кейін ауылға жас мамандарды көп тартудамыз. Себебі ауылдағы білім сапасын дұрыс көрсету, балаларымызды білімді де білікті етіп шығару.
Нұрлан Құмаров білімге құштар, қабілетті оқушыларды ғылыми жобалар мен пәндік олимпиадаларға арнайы дайындауды жоспарлайды. Жас маман әр оқушының жеке қабілетін дамытып, олардың бойындағы жасырын талантты ашуға бар күш-жігерін арнамақ.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #мектеп #білімPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz