Шығыс Қазақстан облысындағы 23 ауылда интернет жоқ. Шалғай өңір тұрғындары хат-хабар алмасудан қиындық көріп отыр.
Мәселен, түрлі туристік жобалар жоспарланған Марқакөл ауданындағы 10 ауылға ғаламтор желісі жетпеген. Яғни жалпы 1200-ден астам адам цифрлық дәуірдің игілігіне мұқтаж.
Байланыс операторлары таулы ауданға желі тартуды тиімсіз деп санайды. Сондықтан әзірге антеналы діңгек құрылғы орнатудан басқа жол жоқ. Шекара шебіндегі өңірлерді интернетпен қамтудың тағы қандай жолдары қарастырылып жатыр.
Марқакөл талайды табиғатымен таң қалдырғанмен, байланыс жағы тым нашар. Мысалы, жол бойындағы Ақжайлауға жеткенде хат-хабар алмасу мүмкін болмайды. Балнұр Көкенай ауылдың жоғары жағындағы тусының үйіне жиі барады. Өйткені онда Қазақтелекомның ескі Wi-Fi қондырғысы бар екен. Соған қосылып, ғаламтордан қажетті ақпаратын алады. «Ал қыста қақаған аязда мүлдем интернетсіз қаламыз», - дейді ол.
Балнұр Көкенай, мектеп оқушысы:
- Қыста жол жабылып қалады. Сол кезде біз сабақты оқи алмай қаламыз, тапсырмаларды орындай алмаймыз. Жол бәрі жабық болады. Кейбір олимпиадаларға қатысқан кезде бізде интернет нашар болғандықтан кейбір тапсырмалар келмей қалады.
Тау арасындағы елді мекендерде жағдай тіпті қиын. Николай Краснопеев көлдің арғы бетіндегі Матайда тұрады. Жол мен байланыстың жоқтығынан қазір онда екі ақ отбасы қалыпты. Өзі жұмыс істейтін Марқакөл табиғи қорығымен рациямен ғана хабарласады.
Николай Краснопеев, қорықшы:
- Осында тұрып жатқаныма 45 жыл болды. Ауылымыз арғы бетте. Байланыс деген атымен жоқ. Әйтуір рация ұстайды.Соған да қуанамыз. Қазіргі кезде интернет бәріне керек. Қаншама туған-туыстан хабар үзіп қалдық.
Шанағаты,Төсқайың, Бұғымүйіз, Балықтыбұлақ сынды шеткері жатқан он шақты ауыл ғаламторға мұқтаж. Жер бедері де желімен жеткілікті қамту мүмкіндігін шектейді.
Бұл жаққа ғаламтор желісін тарту анау айтқандай жеңіл шаруа емес. Өйткені адам саны аз елді мекен көп. Ал ондай жақты желімен қамту операторларға тиімсіз. Оның үстіне мынадай биік таулы аймаққа жету де оңай емес.
Қалтасы көтергендер старлинг аппаратын орнатып алған. Кейбір аймақ KazSat байланыс түрімен қамтылған. Енді бірнеше ауылға One Web спутникті желісін енгізу жоспарланып отыр. Ал жол бойында интернет таратылу үшін антеналы діңгек құрылғылар қойылмақ.
Самат Сүлейменов, Марқакөл ауданы ТҮКШ бөлімінің басшысы:
- Қазақстан ауылынан 8,9 шақырым орналасқан жерде антеналы матчты құрылғы салу бойынша жобалық сметалық құжат әзірленуде. Қазіргі таңда негізгі деректер жиналған. Ол Қалжыр-Марқакөл автожолы бойында интернеттің болуын шешеді.
Жауапты мамандардың жоспары ауқымды. Облыс аумағындағы автожолдар жиегіне әлі 22 антеналы діңкек орнатылады. Жаңа жылға дейін 30 ауыл ғаламтормен қамтылады. Осылайша, келер жылдың соңына қарай өңірде бұл мәселе толық шешілмек.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов, Дмитрий Пыхтин
Тегтер #ауыл #интернет #Таңдаулы #хабар24 #жаңалықтарPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz