RU
Толық нұсқаға өту

Н. Тілендиевтің 100 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралар қорытыланды

05.10.2025, 13:30 729

Алматы облысында қазақтың ұлы композиторы, дирижер, домбырашы, КСРО халық әртісі, «Отырар сазы» оркестрінің негізін қалаушы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралар қорытындыланды.

Жамбыл ауданында «Ұлы даланың Нұрғисасы» атты халықаралық ақындар айтысы ұйымдастырылды. «Отырар сазы» оркестрінің концерті мен «Көкбастау» атшабарында өткен бәйгені тамашалауға 15 мыңдай адам жиналды.

Алаштың аяулы перзенті Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралардың алғашқы күнінде қайталанбас өнер иесінің еңселі ескерткіші мен жаңа мәдениет үйі ашылып, «Ұлы даланың Нұрғисасы» атты халықаралық ақындар айтысы өтті. Жамбыл ауданында ұйымдастырылған айтыстың бас жүлдесін бұл жолы біздің әріптесіміз Мейірбек Сұлтанхан жеңіп алды. Әуелі қырғыз ақынымен айтысып, одан басым түскен Мейірбек финалда адуынды айтыскер Аспанбек Шұғатаевпен сөз қағыстырып, бас жүлдеге тігілген темір тұлпарды жеңіп алды.

Мейірбек Сұлтанхан, Халықаралық айтыстың жеңімпазы:

- Ең бастысы осындай іс-шараны ұйымдастырған, өтуіне мұрындық болған ел азаматтарына, тапжылмай кешке дейін айтыс көрген Жамбылдың жырсүйер жұртына мың алғыс! Сүйінбайдың елі,  Жамбылдың елі, ақындар мен батырдың елі өнерді қалай құрметтеу керек екенін, айтысты қалай қадірлеу керек екенін бүгін бір дәлелдеді деп ойлаймыз.

«Бұл жеңіс Мейірбекке ғана емес, биыл өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан «Хабар» агенттігіне де үлкен абырой әкелді. Өйткені Мейірбек Сұлтанханның есімі қалың көрерменге «Жекпе-жек айтыс» жобасының авторы, «Айтыс айнасы» бағдарламасының жүргізушісі ретінде де кеңінен танымал» деп атап өтті өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында агенттік төрағасы Кемелбек Ойшыбаев. Суықтөбе төріндегі салтанатты жиында сөз алған зиялы қауым өкілдері Нұрғиса Тілендиевтің қазақ өнерінің мәңгілік шамшырағы екеніне тоқталды. Қайталанбас өнер иесінің артында қалған «Әлқисса», «Аққу», «Махамбет», «Құстар қайтып барады» сынды 500-ден астам музыкалық туындысы халқымыздың рухани қазынасына айналды.

Нұрлан Оразалин, ақын, драматург, мемлекет және қоғам қайраткері:

- Көптеген күйлерімізге жан бітірді, жүрегін сөйлетті. «Отырар сазы» дейтін құдіреті күшті, жаңаша тебіреніске толы, жанды тербейтін, музыканың құдіретті мектебін Нұрғиса ағамыз дүниеге алып келген. Сондықтан жерлестеріміз, бауырларымыз, Алаштың жұртына ұлы талантымызды бағалап, бір жыл бойы Тілендиев деп қазақтың өнеріне қол соққан әлемге рақмет айтқымыз келеді.

Серік Үмбетов, мемлекеттік қайраткер, «Парасат» орденінің иегері:

- Бір күні кабинетте отырсам, Алтынбек Қоразбаев екеуі есіктен кіріп келді. Ол кезде мен бірінші орынбасармын. Кіріп келді де, «Серік, мен саған кабинетіңе әтір шашуға келдім», - деді. Ол кісінің әтірі темекі ғой. Содан кейін «Мен саған ең негізгі аманатымды айтуға келдім»,  - деді. «Мен жақында өмірден өтемін, кетемін», - деді. Осы сөзді айту үшін де қаншама батылдық керек. Мінезділігі ғой ол. «Менің сенен сұрарым, Жамбыл Жәкемнің жанына апарып, жарты метр жерге жатқыз», - деді.

Қазақ музыкасының сайыпқыраны, әйгілі күйші-композитор, дирижер, домбырашы Нұрғиса Тілендиевтің бұл аманаты екі етпей орындалды. Артында қалған ел-жұрты 1998 жылдың қазан айында ұлы перзентін көзі тірісінде өзі пір тұтқан жыр алыбы – Жамбылдың жанына апарып жерледі. Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған мерекелік іс-шараның ең қызықты бөлігі - дүбірлі бәйге жарысы болды. Оны тамашалауға 15 мың адам жиналды. Көкбастау төрінде өткен аламанда әйгілі жүрік Жұмыртұяқ тағы топ жарды. Топ бәйгеде Абай облысының Қалқаманы, құнан бәйгеде Жамбыл облысының Бойтұмар атты сәйгүлігі алына қара салмады. Ат иелері бәйгеге тігілген бір-бір темір тұлпарды тізгіндеп қайтты.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аманжол Жөңкешов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz