Отандық стартаптарға шетелдіктер қызығып отыр. Әсіресе жасанды интеллектіге негізделген платформалардың құны артқан.
Елімізде де IT стартаптарға деген қолдау керек. Astana hub-та тіркелген 1500-ден астам компанияның үштен бірі халықаралық болса, қалғаны отандық стартаптар. Оның ішінде 150-і жасанды интеллектінің негізінде жасалған.
Қазақстанда IT қызметтер экспорты кейінгі 4 жылда 11,5 есе өсті. Егер 2021 жылы IT шешімдер 60 млн долларға сатылса, өткен жылы экспорт 690 млн доллардан асты. Оң өзгеріс биыл да байқалады. Осы жылдың бірінші тоқсанында қазақстандық компаниялардың ІТ өнімдері 253 млн долларға сатылды. Еліміз бұл тұста мемлекеттік органдардың бірыңғай интернет-платформасын, сондай-ақ қаржылық қызметтер бағытындағы өнімдерді экспорттайды. Олар АҚШ, Ресей, Араб Әмірліктері, Ұлыбритания, Нидерланды, Германия және Өзбекстанда сұранысқа ие. Ал Президент бейінді ведомствоға келер жылы IT қызметтер экспортын 1 млрд долларға жеткізу міндетін жүктеген.
Қазақстаннан ІТ қызметтер экспорты
2021 ж. – 60 $ млн
2022 ж. - 337 $ млн
2023 ж. – 529 $ млн
2024 ж. – 690 $ млн
2025 ж. 1 тоқсан - 253 $ млн
ҚР Ұлттық Банкінің деректері
Мәселен, қазақстандық «Нiggsfield АІ» стартабы, 1 млрд АҚШ долларына бағаланды. Осылайша, отандық өнім тұңғыш Unicorn деңгейіне жетті. Бұл жасанды интеллект көмегімен видео мен суреттің анимациясын жасайтын отандық платформа. Бүгінде бұл платформаға, әлемде сұраныс көбейген. Жалпы, мамандар отандық IT стартаптардың әлеуеті бір қадым жоғары тұрғанын айтады. Сондықтан оларды сыртқа экспорттау мүмкіндігі мол. Тек тың жоба иелері өз өнімімізге қазақ кәсіпкерлерінің қызығушылығы артса екен дейді.
Зат Дулат, Нiggsfield АІ негізін қалаушы:
- Орта есеппен алар болсақ, біздегі мамандардың жасы шамамен 25-те. Яғни бұл IT саласын меңгерген алғашқы буын. Әлемдік деңгейдегі мықты мамандарымыз бар. Оларды тек Америкада табуға болатындай көрінгенмен, қасымызда жүр. Бәрі де Қазақстанда DeepTech өнім жасауға болатынын дәлелдегісі келеді.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Сауда және даму жөніндегі конференциясының болжамы бойынша 2033 жылға қарай жасанды интеллект нарығының ауқымы 4,8 трлн долларға жетуі мүмкін. Ал оның ғаламдық технологиялық индустриядағы үлесі 7 –ден 29 пайызға дейін артады. Бұл әрине, теңдесі жоқ өсім болмақ. Демек жасанды интеллект дамудың жаңа көкжиегін бағындырады деген сөз.
ЖИ нарығының үлесі
2033 жылға қарай $4,8 трлн
Ғаламдық индустриядағы үлесі: 7% - 29% дейін артады.
Мейіржан Әуелханұлы, Жасанды интеллект жөніндегі сарапшы:
- ЖИ қазір бүкіл әлемде өте жоғары деңгейде дамып, экономиканың қозғаушы күшіне айналып отыр. Енді дәл осындай сәтте министрліктің құрылуы бұл өте дұрыс шешім деп ойлаймын. ЖИ - ескіден қалған дүние емес. Ол жаңа дүние. Яғни жасанды интеллект саласындағы стартаптар өте көп және осы стартаптарға біздің министрлік өте жақсы жағдай жасау керек деген ойдамын.
Жаңадан құрылған жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, отандық ІТ өнімдерін дамытып, экспортын арттыруға ат салыспақ. Айта кетейік, бүгінде Астана хаб-та стартап ашып, ІТ компанияларға қолдау көрсетуге арнайы бағдарлама ұсынылады.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Ақылбек Есімсейітов
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #жасанды интеллект #цифрландыруPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz