RU
Толық нұсқаға өту

Ақтауда «Turkicskills-2025» чемпионаты басталды

06.10.2025, 19:32 422

Ақтауда «TurkicSkills-2025» кәсіби шеберлік арттыру чемпионаты басталды.

Халықаралық сайыс «Жұмысшы мамандықтар» жылы аясында Қазақстанда алғаш рет өтіп отыр. Білім байқауында түркі тілдес алты елден 53 студент бақ сынайды. Қатысушылар дрон басқару, веб- технология, автокөлік жөндеу секілді құзыреттіліктер бойынша сынға түседі.

Бұл Октагон «Ұшқышсыз ұшу аппаратын басқару» құзыреттілігі бойынша қолданылады. Бұл сайыста Қазақстан, Түркия және өзбекстандық студенттер бақ сынайды. Әрқайсысы алдымен дронды жинау, оған бағдарламаны енгізу, сондай-ақ ұшыру бойынша кәсіби шеберлігін көрсетуі тиіс.

Данил Дрижактың ұшқышсыз аппаратқа деген қызығушылығы оқушы шағынан басталған. Робототехника бойынша облыстық және республикалық сайыстардың жеңімпазы. Осы жолғы бәсекенің шартына сәйкес қатысушыларға бөлшектелген дрон беріледі. Оны құрастырып, ұшыру барысын халықаралық және тәуелсіз сарапшылар саралайды.

Данил Дрижак, чемпионатқа қатысушы:

- Менің ойымша, бұл байқау қатысушыларды бауырлас болуға шақырады. Ал дрон қажеттілігін уақыт көрсетіп отыр. Ол кен орындарын барлау, адам құтқару операциялары кезінде өте тиімді құрал.

Эмил Хусейнов, чемпионатқа қатысушы:

- Осы жерде өзіме жаңа достар таптым. Сайысқа «Веб-технология» құзыреттілігі бойынша қатысамын. Әрі бұл салада бір-бірімізбен тәжірибе алмасып жатырмыз.

Халықаралық чемпионат жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, түркітілдес елдер арасында кәсіптік білім беру саласындағы ынтымақтастықты нығайтуды көздейді. Жеңімпаздар «Бизнеске арналған ІТ шешім», «Графикалық дизайн», «Сантехника және жылыту» секілді 10 құзыреттілік бойынша анықталады.

Гүлвира Ошақбаева, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің басқарма басшысы:

- Қазақстанның балалары 10 құзыреттіліктің барлығына қатысып жатыр. Біз түркітілдес елдердің арасында осы қозғалысты дамытқымыз келеді. Мұның бәрі бекер емес. Өйткені мұның бәрі халықаралық стандарт. Яғни сол стандартқа сәйкес, өзіміздің еңбек нарығына кадрларды шығарып отырмыз. Біздегі оқу орындарының барлығы оқу бағдарламасын әзірлеген кезде соны негізге алады.

Чемпионат аясында инновациялық көрме, «Педагогтерді трансформациялау орталығы» тақырыбында тренинг-сабақтар, «Caspian» халықаралық фестивалі өтеді. Ауқымы зор, мазмұны терең сайыс 9 қазанда қорытындыланады.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz