RU
Толық нұсқаға өту

Павлодар облысында қайта өңдеу өндірісі арта түсті

06.10.2025, 21:06 416

Павлодар облысында агроөнеркәсіп кешенін дамыту және мемлекеттік қолдау шаралары талқыланды.

Өңірдің ауыл шаруашылығы саласы өкілдерімен болған келелі кездесуге ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров қатысты. Ведомоство басшысы азық-түлік қауіпсіздігін нығайту және ішкі өндірісті дамыту – салаға жүктелген басты міндет екенін айрықша атап өтті.

Павлодар облысында агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту белсенді жүргізіліп жатыр. Өңірде егіс алқаптарын әртараптандыру және ылғал үнемдеу технологияларын енгізуге баса мән беріледі. Облыс әкімі Асайын Байхановтың айтуынша, мұндай шаралар алғашқы нәтижесін беріп үлгерді. Өнімділік артып, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мүмкіндігі молайған.

Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі:

- Осы жылдың сегіз айында 124,8 миллиард теңге инвестиция тартылды, яғни салаға салынған әр бесінші теңге – павлодарлық шаруалардың қаражаты. Биыл майлы дақылдар егісінің көлемі 43%-ке артты, ал картоп өндірісі рекордтық 937 мың тоннаға жетті. 

Биыл ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері алғаш рет шамамен бір триллион теңге көлемінде жеңілдетілген қаржыландырудың игілігін көрді. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда он есе жоғары деңгей. Мемлекеттік қолдаудың арқасында өңір шаруалары ауыл шаруашылығы техникасын жаңартты. Тұқым мен тыңайтқыш сатып алып, егіс көлемін айтарлықтай ұлғайтты.

Айдарбек Сапаров, Ауыл шаруашылығы министрі:

- Бүгін облыс бойынша 80 пайызға жалпы өнімді жинады. Әрі қарай да жалғасады. Жаңа картоп мәселесін айттық. Қазір картоп мәселесі ашық, экспортқа шығып жатыр. Бүгінгі күні сертификаттарын беріп жатырмыз. Бағасы - 100 теңге. Өздеріңіз білесіздер, кезінде картоп қымбат болды. Қазір 100 теңгеден. Бұл облыстың өзі 1 млн тонна шығарып отыр.  

Кеменгер ауылында министр екі ірі инвестициялық жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты. Өңірде қайта өңдеу өндірісінің қарқыны жоғары. Кешікпей экстракциялық әдіспен күнбағыс майын өндіретін зауыт іске қосылады.

Тарбиз Фараджев, «Кемеңгер май» ЖШС құрылтайшысы:

- Бүгінгі таңда шамамен 700 млн теңге жеке инвестиция салдық, алдағы уақытта жалпы құнын 2 млрд теңгеге жеткізуді жоспарлап отырмыз. Алдағы екі жылда жобаны толық іске қосуды көздеп отырмыз. 

Егістік алқаптардан қайта өңдеу зауыттарына дейінгі қарқын нақты жобалардың жүзеге асуынан көрініс тапты. Аграрлық әлеуеттің артуы сайып келгенде өңірде жаңа жұмыс орындарының ашылуына, өндіріс көлеміне арта түсуіне оң әсер етті. 

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Валентина Леонова, Дәулет Қошқарбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz