«Хабар» Агентігінің» 30 жылдығы аясында «Хабар» және «24КZ» телеарналарының тәжірибелі журналистері жоғары оқу орындарына барып, студенттерге шеберлік сабақтарын өткізді.
Бүгін жаңалықтар жүргізушісі Дастанбек Мұрсәлім Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультеті студенттерімен кездесті.
Дастанбек Мұрсәлім арнамыздағы жаңалықтарды жүргізуге сырт келбеті мен даусы жақсы болғандықтан келген жоқ. Ол әуелде қатардағы тілші болды. Телевизияның қазанында қайнап ысылды. Дайындаған әр сюжеті көрерменге жетуі үшін тапқыр стендаптар жасап, қызықты кадрларды ұсынды. Бүгін ол студенттерге «Креативті журналистика» тақырыбында дәріс оқып, тәжірибесін бөлісті.
Дастанбек Мұрсәлім, «24KZ» телеарнасының жаңалықтар жүргізушісі:
- Жас журналистердің аяқалысы жаман емес. Креативті жастардың өсіп келе жатқаны, өз ойларын ортаға ашық білдіріп, камерадан қорықпай, қайта микрофон көрсе, өз ойларын айтуға даяр екені мені шын қуантты.
Жастар расында жалындап тұр. Практикалық машық ретінде Дастанбек тікелей эфирдің тізгінін ұсынып еді, тайсалмай, іліп әкетіп, сөз жалғаған студенттер көп болды. Ұтқырлық көрсеткендерге «Хабар» агенттігінің брендтік сыйлықтары табысталды.
Қанат Әуесбай, Журналистика факультетінің деканы:
- Біздің басты жұмыс берушіміздің бірі «Хабар» агенттігімен тығыз байланыс орнатуымыздың жарқын үлгісі деп білеміз. Әрі біздің білім алушыларымыз нақты осы тәжірибе базасы ретінде «Хабар» агенттігінің шығармашылық ұжымымен тікелей танысуға мүмкіндік алады.
«Хабар» агенттігінің 30 жылдығы аясында шеберлік сабақтарының онкүндігі басталды. Қос арнаның білікті мамандары еліміздің жоғары оқу орындарында студенттермен кездесіп, телевизияның қыр-сырын үйретеді.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кендже Амраев
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #журналистер #тәжірибе #маманPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz