RU
Толық нұсқаға өту

Абай облысында жыл соңына дейін тоғыз спорт кешені ашылады

07.10.2025, 09:45 413

Екі нысан Ақсуат ауданында бой көтереді, деп хабарлайды 24kz.

Ойшілік және Екпін ауылдарының балалары әзірге мектеп ғимаратында дайындалып жүр.

Рүстем Қайратұлы, тілші:

- 9-сынып оқушысы Парасат Сайлауов күреспен кішкентай кезінен шұғылданады. Арманы – ел намысын әлемдік додаларда абыроймен қорғап, чемпион атану. Өзі ауылдағы жаңа кешеннің пайдалануға берілуін асыға күтіп жүр.

Парасат Сайлауов, оқушы:

- Ауылымызда үлкен спорт зал салынып жатыр. Біз соның ішіне кіріп жаттықсақ, еңбек етсек, болашақта чемпион болуымызға үлесімізді қосамыз. Үлкен ареналарда республикалық облыстық жарыстарда жақсы нәтиже көрсетеміз деп ойлаймын. Біз өте қуаныштымыз.

Сағжан Айғазы, ауыл тұрғыны:

- Спорт кешені салынбастан бұрын мектептегі залда шыныққан едік, спорт жағынан жақсы жетісткке жетеміз деген ойдамын.

Ойшіліктегі спорт кешенінің құрылысы маусым айында басталған. Қазір жұмыстың 70%-і аяқталған. Мердігер ұйым өкілдері нысанды жыл соңына дейін қолданысқа беруді көздейді.

Ғылымбек Мұздыбаев, мердігер ұйым өкілі:

- Қазір енді мына төбе жабу жұмыстары жүріп жатыр. Одан әрі сыртқы қоршау жұмыстары жүреді. Сыртқы жақтағы әрлеу-сырлау жұмыстары жүреді. Жұмыс қарқынды жүріп жатыр.

Спорт кешені 250 орынға арналған. Мұнда баскетбол, волейбол, күрес, шағын футбол сияқты секциялар ашылады.

Жұмангүл Баяхметова, Ойшілік ауылының тұрғыны:

- Халық өте қолдайды және қатты қуанышта. Біз енді облыс болғанымызға үш-ақ жыл болды ғой. Содан бері бірде-бір ғимарат мұндай салынбаған еді. Сондықтан бұған үлкен қуанышпен, жақсы көңілмен қарсы алудамыз.

Жастарды салауатты өмір салтына баулып, бұқаралық спортты дамыту үшін тағы бірнеше ауылда осындай нысандар бой көтермек.

Құралай Дулатқызы, Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы:

- Қазіргі таңда облысымызда 20 спорт нысанының құрылысы жүргізіліуде. Оның ішінде 9-ы 2025 жылдың соңына дейін қолданысқа беріледі деп жоспарланып отыр.Облыста жалпы ауылдық жерлерде тұратын азаматтарға спорттың қолжетімділігін арттыру мақсатында спорттық нысандар ауылдарда салынып жатыр.

Қазір өңірде 600-ден астам спорт нысаны бар. Сонымен қатар 14 спорт мектебі жұмыс істейді.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов, Мәди Базарбеков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz