Нұрлан Алпамысұлы темір тұлпарды тізгіндеп, бірнеше айдан бері такси жүргізушісінің қызметіне кіріскен. Есту жүйесіндегі ақау астаналық азаматтың тыңдау мүмкіндігін шектегенімен, ішкі күйін қағазға түсіріп, қылқалам шебері атануына тосқауыл қоя алмады. Алайда мардымсыз жалақы, тұрмыстық тауқымет оны өзге салаға итермеледі.
Нұрлан Алпамысұлы, такси жүргізушісі:
- Мемлекеттік мекемелерге жұмысқа тұруда қиындықтардың бары рас. Өйткені ол жерде құлақ мүкістігі бар адамдарды жұмысқа қабылдамайды. Мектепте бейнелеу пәнінің мұғалімі ретінде жұмыс істегенде жалақым 30 мың теңге ғана болатын. Сондықтан такси жүргізушісі болып кеттім.
Халықпен етене байланыс орнататын орындарда құлақ мүкістігі бар жандардың елеусіз қалатынын сурдоаудармашы Хасан Исраилов та растады.
Хасан Исраилов, сурдоаудармашы:
- Мәселен, жақында ғана жас келіншекті еден жуушы қызметіне орналастыра алмадым. Жұмыс беруші «онымен сөйлесе алмаймыз» деп бас тартты. Ойлаңызшы. Еден жуушының негізгі міндеті әңгімелесу емес, тазалықты сақтау ғой. Сөйтіп, көбі қол ұшын созудың орнына "жоқ" деп жылы жаба салды. Бұл өте жиі кездесетін жағдай.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқын қорғайтын қауымдастықтардың қазіргі жағдайы да мәз емес. «Қазақстандық саңыраулар қоғамы» өкілінің сөзінше, мүгедек жандарды желеу етіп, заңсыз ұйым ашып алғандар қазір шаш етектен.
Жангелді Бекбатыров, "Қазақстандық саңыраулар қоғамы" ҚБ вице-президенті:
- Себебі қазір 2 мыңнан аса ұжымдар өздері ашып, 2-3 инвалидтің құжаттарын тіркеп, «біз міне, мүгедектер ұйымындамыз» деп алдап, олардың артында ешқандай ресурстары да жоқ. Алып сатумен айналысып отыр. Сондықтан көп мекемелер қазір амалсыздан жұмыскерлерін еңбекақысыз демалысқа жіберіп жатыр.
Ал бұл мәселені ауыздықтаудың тетігі тағы да есту қабілеті нашар азаматтардың әлеуметтік статусына кеп тіреледі.
Авторлары: Назым Кенжебай, Руслан Әлиев,
Тегтер #есту қабілеті нашар адамдар #Жұмысшы мамандықтар жылы
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz