Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы саласына үш ғасырын арнаған еңбек әулеті тұрады.
Әке жолын қуған Мұрат Қаражұманов Меңгесер ауылында өмір бойы механизатор болып істейді. Қазір оның ізін ұлы басып келеді.
Мұрат Қаражұмановтың егін шаруашылығында табан аудармай еңбек етіп келе жатқанына 40 жылға жуықтады. Біраз жыл комбайн тізгіндеді. Ал қазір жүк көлігіне ауысып, қырдағы астықты қырманға тасиды. Таңның атысы, кештің батысы далада жүреді.
Мұрат Қаражұманов, механизатор:
- Механизатор болу оңай емес қой. Бұл енді өзіміз таңдаған мамандық қой. Мамандықтан ешқашан өкінбеймін. Қыстың суығы не жаздың ыстығы не осы ауырпашылықтың бәрін көтеріп еңбек етіп келе жатырмыз. Інілеріміз бәріміз осы әкеміздің жолын қуып келе жатырмыз. Міне, аталарымыз бәрі бәлін жылдан еңбек етті осы шаруашылықта.
Қаражұмановтар үшін ауыл шаруашылығы атадан балаға мирас болып келе жатқан кәсіп. Ұрпақ сабақтастығын жалғаған ұлы Мақсат та мал фермасында еңбек етеді. Қатарластары сияқты қалаға көш түземей, туған жерге ту ткіккен ол қазір «қара шаңырақтың» егесі болып отыр.
Мақсат Мұратұлы, мал азығын дайындау цехының операторы:
- Әкемнің жолын қуып келе жатырмын. Осы шаруашылықта жұмыс істеп, әкемді кішкентай кезімізден қарап бірге, қасында жүріп қызығып осы техникаға жұмыс істеп келе жатырмыз. Ауылда өзіміздің шаруашылық. Үй шаруашылығы бар, мал ұстаймыз үйде. Бәрі жақсы үйде. Әкеме көмектесіп, әке-шешеме осы қара шаңырақта отырмын.
Бұл әулеттің ауыл шаруашылығы саласындағы еңбек өтілі 300 жылдан асады. Оның ішінде Мұрат Қаражұмановтың қосқан үлесі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, 2017-інші жылы «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталды. Ауылдастары оның бұл құрметке әбден лайық екенін айтады. Елубай Серғалиев оны нағыз еңбек адамы ретінде таниды.
Елубай Серғалиев, Петропавл қаласының тұрғыны:
- Ерте кездерде бәрі ескі техника болды. МТЗ – 50, ЮМЗ өзі бұзып, өзі жинап шығып жүре береді. Ескі Нивалар болды комбайн. К-700 ескі болды. 701 дегендер болды. Ол 701 моторларын алып тастап, 700 салып алып 8 цилиндрлі, солярка дейді, өзі жүре береді. Адам ретінде де адамгершілігі мол. Біреудің ала жібін аттамайды. Ақкөңіл.
Қазір ауыл шаруашылығы мамандарының мәртебесі артып келеді. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында оларды даярлайтын 9 колледж бар. Оқуды аяқтаған жас кадрлар жұмыс іздеп әуре болмайды. Түлектерді жергілікті шаруашылықтар құшақ жая қарсы алады.
Бейімбет Бұғасов, жоғарғы ауыл шаруашылығы колледжінің директоры:
- Қазір колледжде ауыл шаруашылығына 10 мамандық оқытылып жатыр. Ол ветеринар, агроном, техник, механик және тағы басқалары. Сонымен қатар ет және сүт өңдеу мен орман шаруашылығы кадрлары бар. Олар үшін 12 заманауи зертхана жұмыс істейді.
Қазір облыс бойынша 1500 студент ауыл шаруашылығы мамандығын меңгеріп жатыр. Колледждер заманауи техника және құрал - жабдықтармен қамтылған. Мемлекет тарапынан агроөнеркәсіп саласынын цифрландыруға да көп көңіл бөлінеді. Бұл өз кезегінде жастардың мамандыққа деген қызығушылығын арттырады. Ал салаға өз қалауымен келген кейінгі буын ертең Мұрат Қаражұманов секілді ел үшін адал еңбек етіп, мемлекеттің дамуына зор үлес қосары сөзсіз. Маңдай тер қашан да ақталады. Оған жарғақ құлағы жастыққа тимей жұмысқа жанын салатын осындай отбасылар дәлел.
Мұрат Қаражұманов, механизатор:
- Еңбек адамы деген еңбегімді бағалап, бәлен жылғы жетістіктерімді соған ризамын енді. Таңның атысы, күннің батысы таң атқанын білмейміз. Күн батып қалады. Сол жұмыстың арқасында жүре береміз. Жасымыз келсе де бала сияқты жүгіріп кетеміз.
Мұрат Қаражұманов үшін тағы бір орақ науқаны аяқталды. Биыл осы жандардың арқасында қамба ас та төк астыққа толып, шаруалардың еңбегі ақталды.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков
Тегтер #Жұмысшы мамандықтар жылы #24KZ #ПетропавлPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz