RU
Толық нұсқаға өту

Шалғай аудандарда дәрігер жетіспейді

08.10.2025, 08:05 435

Батыс Қазақстан облысында алыс ауылдарға барған дәрігерлерге берілетін көтермеақы көлемі былтыр мәслихат шешімімен 8 жарым млн теңгеге, ал қалада қалған мамандарға 5 млн теңгеге өскен еді. Соның арқасында өткен жылы өңірге 137 дәрігер ат басын тіресе, биыл 157 маман келді. Бірақ емдеу мекемелеріне әлі 181 дәрігер жетіспейді. Әсіресе шалғай аудандардың тұрғындары сапалы ем алу үшін облыс орталығына сабылуға мәжбүр. 

39 жастағы Азамат Мәуленовтің мамандығы хирург. Жоғары оқу орнын бітіргесін 9 жыл Солтүстік Қазақстан облысында еңбек етсе, кейінгі 6 жыл Түркістан облысында қызмет атқарыпты. Былтыр еліміздің ең батысындағы Жәнібек ауданына табан тіреген. Алыс ауданға ат басын бұруына материалдық ынталандыру себеп болғанын жасырмайды. 

Азамат Мәуленов, дәрігер-хирург:

- Барлық мемлекеттен көрсетілген көмектер, жеңілдіктер жасалынды. Әкімдіктен 8,5 млн көтермеақы алдым. 100 АЕК көтермеақы берді. Үй берді. Бала-шағамызбен осындамыз. Жұмыс көп. Мұнда бір өзім хирург, қол босамайды. Операция жағынан ешқандай қиыншылықтар жоқ. Құралдар, аппараттар бәрі бар, жұмыс істеуде.

Облыс орталығынан 500 шақырым жердегі Жәнібек ауданына былтыр 9 дәрігер келсе, биыл әзірге 1 жас маман қызметке тұрыпты.  

Жәмиға Қадырова, Жәнібек аудандық ауруханасы Кадр бөлімінің инспекторы:

-Келген мамандарға өте қолайлы, жәрдемақыны алады. Басқа өңірлерден келсе, тұрғын үймен қамтамасыз етуге көмектесеміз. Олардың отбасылары, балалары болса, кезексіз мектепке, балабақшаға орналасуға мүмкіндік мол. Бізге қазір 7 маман жетіспейді: кардиолог, офтальмолог, отоларинголог, анестезиолог пен эндокринолог, инфекционист.

Орал өңіріне былтыр 137 маман келсе, биыл 157 дәрігер батысты бетке алған.  Оларға атқарушы билік тарапынан барынша қолдау көрсетілуде.

Асылбек Қаналиев, БҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Былтыр мәслихаттың 24 жылғы 24 қазандағы шешімімен ауылдық жерге жіберілетін мамандарға ең төменгі айлықтың 100 есе мөлшерінде жәрдемақы берілді. Қарапайым тілмен айтқанда 8,5 млн теңге, қалаға келген дәрігерлерге 5 млн 100 мың теңге жәрдемақы беріліп отыр. 24 жылы 137 маман келді, соның 74-і ауылдық жерге жіберілген болатын. Қазіргі таңда 25 жылы 157 маман келді біздің облысқа, соның 99-ы ауылдық жерге жұмысқа жіберілді.

Дегенмен облыста маман тапшылығы жойылар емес. Оның себебін сала басшылары  өзге аймақтарда да материалдық ынталандыру жағы жақсарғанымен түсіндіреді. Яғни Орал өңіріне дәрігерлер басқа облыстардан келсе, батысқазақстандық мамандар керісінше басқа жаққа кетіп жатыр.

Асылбек Қаналиев, БҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Талдау жасағанбыз қыркүйек айында. 114 дәрігер келсе, 100 дәрігеріміз мемлекеттік жүйеден басқа жүйеге не басқа облысқа көшіп кеткен болатын. Себебі бұл дейтін тірі адамдар болғасын өмірлік жағдаймен, басқа жағдаймен ауысым болып тұрады. Қазіргі таңда қайталап өтем, 181 дәрігер біздің облысқа жетіспейді.

Маман тапшылығын шешу мақсатында жыл сайын облыс әкімдігі бөлетін 100 білім грантының жартысына жуығы медициналық мамандықтарға берілуде. Биыл жергілікті бюджеттен бакалавриатқа 45, резидентураға 16 грант бөлінген.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап, Э. Аюпов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz