Каспийге судың 80 пайыздан астамы Еділ өзені арқылы келеді. Бірақ арнасынан асып төгіліп жататын Еділдің қазір өз жағдайы да оңып тұрған жоқ. Ресейдің Ярослав облысында бұрын суға кеткен кеме қазір өзен бетінде көрініп жатыр. Жылда көктемде жұрттың үрейін алып, жағалауды шайып кететін алып өзен биыл тасымады. Жағасы жазық далаға айналып барады. Енді бұған экологтар не дейді?
Бұрын асып-тасып жататын Еділ өзенінің қазіргі күйі осы. Су деңгейінің жағадан шамадан тыс шегінуі жергілікті тұрғындардың уайымына айналды. Себебі ол жылдан жылға саязданып барады. Мұның салдарынан кеме қатынасы қиындап, балық қырылып жатыр.
Аймақтағы экологияны былай қойғанда, экономикаға тиер салдары да ауыр. Кейінгі геосаяси ахуалға байланысты Ресей Батыстан Шығыс нарығына бет бұра бастады. Яғни қазір Еділ елдегі логистиканың күретамыры. Бірақ өзеннің жоғарғы ағысының өзі таязданып, кемелер жүре алмай қалған.
Наталья Фролова, Мәскеу мемлекеттік университеті гидрология кафедрасының меңгерушісі:
- Климаттық болжамға сай Ресейдің оңтүстік өңірлеріндегі Еділдің суы азаяды. Бұған жауын-шашын мен қардың аз жаууы, жер бетінің қызуы себеп. Бұрын су көтеріліп, халыққа тасқын қауіп төндіретін. Енді табиғи апаттың басқа түрінен зардап шегетін түріміз бар.
Бүгінде Еділді өзеннен гөрі ондаған су қоймасының тізбегі деп жиі атайды. Оның бойында 8 ірі, сондай-ақ 120-ға жуық орта-ұсақты бөгет тұрғызылған. Табиғи ағыс тек Костромаға дейін сақталған. Ғалымдар: «мұндай жүйе булануды күшейтіп, өзеннің табиғи ағысын тежейді», - дейді.
Болат Есекин, Орталық Азия бойынша су ресурстарын басқару платформасының үйлестірушісі:
- Өзен – бұл тірі ағза. Ал бөгеттер – оның бойындағы тромбтар. Олар судың ағысын тоқтатып, экожүйені бұзады.
Табиғат жанашырлары: «Өзен суларының тартылуын тоқтатудың бірден-бір амалы судың жолына бөгет пен тосқауылдар қоймай, керісінше еркін ағысқа жіберу керек», - дейді. Бұрын мұндай гидротехникалық құрылыстар суды жинауға және энергия өндіруге пайдалы деп саналатын. Алайда уақыт бұл пайымның қате екенін көрсетті. Өйткені әр мемлекет өз пайдасын ойлап, ағыс жолына тосқауыл қоюы келесі мемлекеттің тіршілік нәрінен тарығуына әкеліп жатыр. Сондықтан бүкіл жаһан жұрты: «Гидротехникалық құрылыстарды көбейту саясатынан бас тартуы қажет», - дейді. Еуропа, АҚШ, Канада және Қытай мұндай тәжірибені қолданысқа енгізе бастады. Былтыр Батыс елдерінде мыңнан аса бөгет бұзылған.
Болат Есекин, Орталық Азия бойынша су ресурстарын басқару платформасының үйлестірушісі:
- Еуропада «Табиғатты қалпына келтіру туралы» арнайы заң қабылданды. Оған сай, өзендердің 12 500 шақырымын бөгеттер мен су қоймаларынан тазарту көзделген. Бұл шаралар халықты сумен қамтамасыз етуді, экожүйені сақтауды және судың табиғи айналымын қалпына келтіруге тиіс.
Сарапшылар: «Ресей билігі бұл мәселені тездетіп шешпесе, талай әнге арқау болған, ұшы қиыры жоқ Еділ өзені күндердің күнінде жойылып кетуі мүмкін», - дейді.
Авторы: Зайнұр Байжігіт
Тегтер #жағалау #экологтар #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz