RU
Толық нұсқаға өту

Елімізде көші-қон ағыны қалай реттеледі?

08.10.2025, 14:10 438

Мегаполиске үдере көшу үрдісі үдеп барады. Көрсеткіш жыл басынан бері 21 пайызға жеткен. Мұндай деректі Ұлттық статистика бюросы келтіріп отыр. Ауыл-аймақтан алып шаһарға қоныс аударатындардың дені екі қолға бір күрек іздеген қараша. Халық санының күрт өсуі қаладағы инфрақұрылымға да кері әсерін беріп отыр. Көші-қон ағынына қатысты түйткілді Мемлекет басшысы жолдауында да көтерген еді.

Күн сайын Астанаға алыс-жақын елді мекеннен 200 мыңнан астам тұрғын келеді. Бірі жұмыс істесе, бірі оқу оқиды. Бас қала бәріне тұрақ болғанымен инфрақұрылымына кері әсер етіп жатқаны анық. Қазірдің өзінде әлеуметтік нысандарда орын тапшылығы, ұзын-сонар кезектің көбеюі осының дәлелі. Түйткілдің түйінін тарқату үшін 2 жыл бұрын Астана агломерациясын дамыту қолға алынды. Маңызды бастамаға елорда мен Қосшы қаласынан бөлек, 45 елді-мекен енді. 

Марат Ахметжанов, Ақмола облысының әкімі:

- Бүгінгі таңда Астана агломерациясын дамытуға бағытталған ірі жобалар іске асырыла бастады. 2024 жылы сегіз мектеп салынды, 26,5 мың адамға газ жеткізілді, маңызды қосалқы станция қайта жаңғыртылып, ондаған шақырым жол мен сумен жабдықтау нысандары салынды. Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында жаңа нысандар пайдалануға берілді. Ақмола облысы үшін басым бағыттардың бірі – елорданың азық-түлік белдеуін қалыптастыру болып қала береді. Өнім жеткізу көлемін ұлғайтып, оны төмендетілген бағамен сататын сауда нүктелерін көбейту жоспарлануда. Туризмді дамытуға да ерекше назар аударылып отыр. 

Астана қазір қалаулы қалалар қатарында. Оған тек бірінші жартыжылдықтың өзінде 26 мыңнан астам адам көшіп келіпті. Көрсеткіш Алматыға қарағанда бір жарым есе көп. Мегаполистерден бөлек Алматы облысына ағылып жатқан ел көп. Көші-қон саласындағы оң өзгеріс аталған үш өңірде байқалған. 

Шынар Түлешова, демограф:

- Халық негізінен қоныс аударып жатқан аумақ ол ауыл-аймақтардан. Басым бөлігі жұмыс іздеп, оқуға байланысты үлкен қалаларды тұрақтайды. Қаланың өміріне қызығатындары да бар. Бұл енді бүгінгінің трендіне айналды. Яғни, қазірдің өзінде, айталық, елдегі урбанизация деңгейі 63% - ға жетті. Демек, халықтың 63% - ы қазірдің өзінде қалалық жерлерде тұрады. Екіншісі-аймақаралық көші-қон. 

«Қазақтың қалаға ағылуы ауылдар болашағын бұлыңғыр етеді»,  дейді сарапшы. Сұраныс өскен сайын алып шаһарларда инфрақұрылым, қажетті әлеуметтік нысандар салынып қарыштап дами береді. Ал шалғай елді мекендер қалып қоятын көрінеді. «Жағдайды өзгерту үшін ішкі миграцияны реттеу керек», —  деді сенатор Арман Өтеғұлов. 

Арман Өтеғұлов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: 

- Үлкен қалаларға көшу мәселесін президенттің өзі де айтты. Енді мұны бір сәтте тоқтату мүмкін емес. Мен осы туралы депутаттық сауал жасадым. Шекарада жатқан елді мекендер бар. Мысалы, РФ-мен шекаралас аумақта көбірек ауылдар бар. Сол жердегі елді мекендер босап қалып жатыр. Сол жерді дамыту керек. Қабылданған бағдарламаны қайта қарап, әлі де көші-қон бағытын күшейтіп осы бағытта жұмыс істеу керек.

Көші-қон ағынынан өңірлердегі маман тапшылығы мәселесі туындайды. Жыл соңына дейін тоғыз жарым мыңнан аса адам мемлекеттік бағдарламамен тұрғылықты жерін ауыстырмақ. Олар солтүстік пен шығыс, орталыққа арнайы бағытталып отыр. Мұндағы мақсат аймақтарда қажетті кадрлармен қамту. 

Дина Темірболат, ҚР ЕХӘҚМ Көші-қон комитетінің басқарма басшысы:

- Негізінен, қоныс аударушылар арнайы бос жұмыс орындарына орналасады. Мұғалім, дәрігер, орта білім беру мекемелерінің қызметкерлері. Қазіргі таңда аймақтарда техникалық мамандықтар тапшылығы байқалып отыр. Сұранысқа сай жол картасы әзірленіп, қоныс аударушылардың бағдарламалары бекітілді. Оның негізінде тұрғын үймен қамтамасыз ету, бір реттік төлемдер, қосымша жеңілдіктер сынды ынталандыру шарасы қарастырылған. 

Еңбек министрлігі мәліметінше, соңғы үш жылда ерікті қоныс аудару бағдарламасы қарқынды іске асып келеді. Бүгінге дейін 28 мыңнан астам адам өңір арасында қоныс аударыпты. Елдегі көші-қон жағдайын ретке келтіру үшін үкімет жаңа бағдарламаны қолға алды. 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдама негізінде 42 жоба сәтті жүзеге асырылды. Алдағы уақытта еңбек нарығында тапшылық бар аймақтарға басымдық бере отырып, қоныстандырудың өңірлік бағдарламасы әзірленеді. 

Авторлары: Кәмшат Мұхамеджан, Гүлнар Ерманова, Ақылбек Есемсеитов

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz