Енді жалғанды жалпағынан басатын, баспана алғысы келген салымшыларды сан соқтыратын, сапасы сын көтермейтін, құрылыс саласын бизнеске айналдырған компанияларға тықыр таянады.
Бүгін Мәжілісте жаңа Құрылыс кодексі таныстырылды. Заң жобасының басты ерекшелігінің бірі бұдан былай ереже бұзған құрылыс компаниялары лицензиясынан айырылады. Жаңа кодекстің тағы қандай жаңалықтары бар?
Елде бой көтеріп жатқан баспаналардың бірқатарын құрылыс жүргізуге рұқсаты жоқ компаниялар салып келген. Соның салдарынан тұрғын үйлердің сапасы сын көтермей, жыл өтпей жатып бүлініп жатыр. Осы секілді біраз былықтың беті құрылыс компанияларына жүргізілген тексеріс кезінде анықталған.
Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- Қазір салада шамамен 80 мыңға жуық лицензия тіркелген. Алайда талдау нәтижесінде көптеген компаниялар мен лицензиялардың тек қағаз жүзінде ғана бар екені анықталды. Олардың басым бөлігінде өндірістік базада, білікті инжинерлерде нақты жобағаларға қатысу тәжірибесі де жоқ.
Енді мұндай бейберекетке бой алдырған жалған құрылыс компаниялары бірден анықталады. Ол үшін арнайы электронды тізім іске қосылмақ. Жаңа жүйе саладағы жемқорлықтың жолын кеседі. Дегенмен, таныстырылған жаңа кодексте кем-кетік те жоқ емес. Асхат Аймағамбетов депутаттар талап еткен ұсыныс ескерілмегенін айтты. Мәжілісмен: «Тұрғын үйлермен бірге мектеп пен балабақша сынды мемлекеттік мекемелер қатар салынуы керек», - дейді.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Былтыр біз мектеп, балабақша және емханасы жоқ жерде көпқабатты тұрғын үй құрылысын бастауға тыйым салатын норманы бекіттік. Бірақ Құрылыс кодексінің жобасында ол норма жоқ. Неге? Ол кім үшін тиімді? Бүгінде осы мәселенің ескерілмеуінен қиындық көп. Мыңдаған отбасы тұрғын үйлерге көшіп жатқанымен, балалар оқитын мектеп жоқ. Сол себепті біз заңда мектеп, балабақша және емхана болмаса, құрылысқа тыйым салуды нақты ұсынған болатынбыз.
Депутаттар бұған дейін құрылыс саласы халық игілігі үшін емес, ірі бизнесмендердің пайдасы үшін жұмыс істеп келді дейді. Енді үй салумен айналысатын компаниялардың кепілдік мерзімі 2 жылдан 5 жылға дейін ұзартылады.
Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қазір әр олигархтың өзінің ірі компаниясы, жобасы, сарапшы мамандары мен техникалары бар. Әбден тәртіптен кеткен. Мемлекеттік бақылауды ірі құрылысқа қайтаратын боламыз. Енді бір ортақ институт болады. Барлық жобаны солар ғана сызады. Әркім өзінің ойына келгенін жасамайды.
Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- «Мыңжылдық аллеяны» салу бойынша Президент тапсырма берді. Бірақ Президенттің тапсырмасы орындалмай, оны 4 ірі компанияға беріп жіберген. Қазір «Мыңжылдық аллеясы» жоқ.
Аталған кодекстен бөлек, халық қалаулылары құрылысқа қатысты кезекті ұсынысын әзірлеуде. Енді салымшылардан жиналған ақшаға тұрғын үй тұрғызуға тыйым салынады. Себебі соның салдырынан баспанасына кіре алмай, үйдің құжатына қолы жетпей жүрген жұрт көп.
Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Егерде құрылыс компаниясы заңды бұзып, алдын ала ақша алып, заңсыз келісімшарт жасайтын болса, ол 7 млн теңгеге дейін айыппұл төлейді.
Осылайша, көптен бері көтерілген заң жобасының бүгін бірінші оқылымы өтті. Айтылатын ұсыныс, түзетілетін тетіктер көп. Жаңа құрылыс кодексы қабылданғанша, мәжілісте әлі талай пікірталастың болары сөзсіз.
Авторы: Шерхан Абзалұлы
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #баспана #құрылыс #кодексPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz