Талдықорғанда жыл соңына дейін 200 үй және 800-ден астам пәтер ел игілігіне беріледі. Сонымен қатар қалада 35 ойын алаңы жаңартылып жатыр.
Облыс әкімі бастаған жұмыс тобы құрылыс барысын тексеріп, өз ісіне немқұрайлы қараған мердігерлерге ескерту жасады.
Талдықорғандағы тарихи-мәдени маңызы зор нысандардың бірі - «Үш ата» ескерткіші. Тарихи тұлғалардың мүсіні орнатылған аллея жөнделіп жатыр. Тұғырдағы гранит тастар ауыстырылып, жарық жүйесі жаңартылған. Бірақ атқарылған жұмыста олқылық көп. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев мердігерге құрылыс сапасына қатысты сын айтты.
Асылан Бекенов, мердігер мекеме басшысының орынбасары:
- Сын ескертпелер орынды айтылды. Ең бастысы қойылған баспалдақтардың шығарылған көлемі артық болғаны. Олар жасалады, ескерту қабылданды. Жалпы бұл жұмысты табыстау мерзімі әлі де бір айға жалғасады.
Биыл «Құлагер» ықшам ауданында жаңа саябақ салынып, қолданысқа берілді. Қазір тағы біреуінің құрылысы аяқталуға жақын. Бұған қоса «Ұлан», «Жетісу» және «Жұлдыз» тұрғын үй алабындағы 35 ойын алаңы жаңартылып жатыр.
Валентина Басманова, қала тұрғыны:
- Ауланың жөнделуін көп күттік. Жаңа ойын алаңын салып бергеніне қуаныштымыз. Маған ұнайды.
Роза Цой, қала тұрғыны:
- Қар жауғанша жұмысты аяқтаса екен деп отырмыз. Себебі балалар ойнайтын жер болмаған. Әкімдік өтінішімізді ескеріп, ауланы жасатқызып жатыр.
Қала іргесінде «Жастар-3» деп аталатын жаңа ықшам аудан бой көтерді. Былтыр сол аумақта салынған 50 баспананың кілті табысталған. Игі шара биыл да жалғасып, әлеуметтік санаттағы отбасыларға 200 үй беріледі.
Ернат Бәзіл, қала әкімі:
- Жыл сайын осылай 200-280 үй деп, екі-үш жылда 780 үй үлкен бір ықшам ауданға жетеді. Ол жерге келесі жылы жоба жасаймыз. Үлкен парк пен бизнес объектілер болады. Қазір асфальт төсеу жұмыстарын бастап кеттік. Бір айдың ішінде бірінші қабат асфальтін салсақ автобус маршрутын жібереміз.
Жұмыс тобы көпқабатты үйлердің құрылысын да тексерді. Нысандардың сапасына жіті мән беріп, Қабанбай батыр көшесіндегі асфальтты тиісті мерзімде төсеп бітіруді тапсырды.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Жеңіс Әбдрешов
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Талдықорған #инфрақұрылым #жарнамаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz