RU
Толық нұсқаға өту

Су ұрлығына жаза күшейді

09.10.2025, 07:25 460

Судың 40 пайызы рәсуә болады. "Бұл гидротехникалық нысандар мен каналдардың тозуынан", - дейді сарапшылар. Егінге қажет суды жөнсіз пайдаланатындар да едәуір зиян келтіріп отыр. Яғни суды рұқсатсыз бұрып алады. Енді жаңа Су кодексі қабылданғалы жаза күшейді. 

Мәселен, су пайдалану ережелерін бұзғандарға 50-ден 850 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Яғни 196 мың 600 теңгеден басталып, 3 млн 300 мың теңгеден асады. Ал су ресурстарын қорғау талаптарыН бұзғандарға 471 мың 840 теңгеден 6 млн теңгеге жуық айыппұл қарастырылған. Су ұрлығын тежеудің басқа қандай амалы бар?

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Су тапшылығына байланысты қиындық болуы мүмкін екені алдын ала ескертіліп жатады. Соған қарамастан диқандар суды көп қажет ететін дақыл егуді азайтар емес. Тіпті егін суаруға қажетті суды еш рұқсатсыз, шартсыз бұрып алатын жайттар жиі кездеседі. 

Нұрқанат Қанапия, тілші:

- Мемлекет басшысы айтқандай, суды заңсыз пайдаланып жүрген диқандар бар. Мәселен, маусым айында инспекторлар Сырдария өзенінен су тартқан 13 сорғы тауып алды. Ал бұған дейін 6 шаруашылықтың 2 млн 300 мың текше метр тіршілік нәрін рұқсатсыз алғаны анықталған еді.

Мемлекет мүлкіне жауаптылардың жауапсыздығы да жағдайды қиындатып тұр. Мысалы, шілде айында «Қазсушар» мекемесінің екі лауазымды тұлғасы жазаға тартылды. Мекеменің Түркістан облысындағы Шардара және Мақтаарал өндірістік учаскелерін басқарған қос шенеунік су тапшылығына қарамастан күріш дақылын көптеп егуге жол берген. Яғни облыс бойынша күріш лимиті 4 мың гектар мөлшерінде бекітілсе де, олар 13 258 гектарды суғаруға келісімшарт жасаған. Тағы бір айтары, осы Шардара су қоймасынан заңсыз су сорып келген 24 жабдық табылды. Алайда олардың қанша суды рәсуа қылғанын анықтау мүмкін емес дейді cу министрлігінің өкілі.

Темірлан Әбдіқұлов, ҚР СРИМ Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті төрағасының орынбасары:

- Бұл жерде 24 заңсыз су құрылғыларының қанша су мөлшерін алғанын біз есептеп мүмкін емес. Өйткені айтқандай ол қай кезеңнен бастап, қанша су алғанын. Біз тек қана әкімшілік жауапкершілікке тарттық. Сондықтан қанша су есепсіз, қанша жетіспеушілік болғанын біз қазір нақты айта алмаймыз.

 Судың сұрауы жоқ демеңіз...

Жалпы 2023 жылдан бері заңбұзу дерегі 9 есе өсті. Елде 208 дерек анықталып, 21,4 млн теңге айыппұл салынды. Былтыр олардың саны 1855-ке жетіп, айыппұл сомасы 50 млн теңгеге жуықтады. Ал биыл жыл басынан бері 254 факті тіркеліп, 48 млн теңге айыппұл салынды.

Диқаншылық дамыған оңтүстікте суару маусымына 10 млрд текше метрден астам су жұмсалды. Су ұрлығы да осы аймақта жиі тіркеледі. Мәселен, бір ғана Жетісай ауданында 65 дерек анықталды. Және осы 65 деректің 61-і егін суғаруға қатысты. Яғни диқандар қуаңшылыққа төзімді дақылдарға арналған суды іс жүзінде мақта, күріш сынды дақылдарды суғаруға жұмсаған. Оны су жеткізуші мекемемен келіспеген.

Темірлан Әбдіқұлов, ҚР СРИМ Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті төрағасының орынбасары:

- Ең көп фактілер тіркелетін – оңтүстік өңірлер. Атап айтсақ, Түркістан облысы, Жамбыл облысы, Қызылорда облысы. Сосын жерасты сулары бойынша да тек қана оңтүстік емес, басқа да облыстарда бар. Ақмола облысында, батыста да өзендерден рұқсатсыз алу бар. Барлық өңірде орын алады.

Су министрлігі су ұрлығымен күресті күшейтуді инспекторлар санын көбейтуден бастады. Бұрын бассейндік инспекциялардағы қызметкерлер саны 100-ге жетпесе, қазір 200-ден асты. Және олардың жалақысын көтеріп, техникалық базасын нығайтуға күш салып отыр. Министрлік өкілінің айтуынша, алқаптар қазір дронның көмегімен тексеріледі. Сондай-ақ ғарыштан бақылау тұрақты жүреді.

Авторы: Нұрқанат Қанапия

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz