Шығыс Қазақстанда туристік бағыттағы жол құрылысы қар жауғанша жалғаса береді. Мердігер компания өкілдері Тереңсай асуындағы автожолдың бір бөлігін жыл соңына дейін ашуға тырысамыз деп отыр. Қауіпті серпантинді айналып өтуге мүмкіндік беретін бұл инфрақұрылымның аяқталуын өлке тұрғындары асыға күтіп жүр. Биыл облыста жалпы 700 шақырым республикалық тасжолға жөндеу жүріп жатыр. Соның 20 пайыздан астамы Өскемен-Алтай-Қатонқарағай-Рахман бұлақтарына апаратын трассаны қамтиды. Тау-жартас арасындағы күрделі жобалар қалай жүзеге асып жатыр?
Қатонқарағай ауданы - туризм министрлігі саяхаттауға кеңес берген бес аймақтың алғашқысы. Бұл өлкеде ит тұмсығы батпайтын орман да, шипалы бұлақ та, тарихи жәдігерге толы қорған да бар. Алайда жол сапасы көңіл көншітпейді. Биыл бұл қолайсыздықты шешу үшін нақты жобалар қолға алынды. Солардың бірі – Тереңсай асуындағы қауіпті ирек жолды айналып өтуге мүмкіндік беретін құрылыс.
Александр Андрейчук, мердігер компания директоры:
- Біз қазіргі ауа райында қандай жұмыстар істеу мүмкін болса, соның барлығын да іске асырып жатырмыз. Бұл бір жағынан келесі жылға қалатын шаруа ауқымын азайтады.Дегенмен жер бедері өте қиын.
Мұнда әсіресе тау арасындағы ең биік көпірді тұрғызу – басты назарда. Ұзындығы 175 биікті 43 метрге дейін жететін бұл құрылым биыл салынып бітуі қажет еді. Бірақ геологиялық есептеуден кеткен қателік салдарынан меже орындалмады. Сондықтан енді учаскедегі жолдың бір бөлігі ғана қолданысқа беріледі.
Нұрбек Темірханов, , «ҚазАвтоЖол» ҰК ОФ директоры:
- Бұл жоба күрделі болғанмен көлік қозғалысын жеңілдетеді. Жолдың ені 15 метрге жетіп, үш жолақты болады, әрі арақашықтық 4 шақырымға қысқарады. Ең бастысы жолаушылар үшін барынша қауіпсіз болады.
Рахман бұлақтарына апаратын жолға да асфальт төселеді. Бірақ ең алдымен ол аймақты тегістеп, су ағарлар мен құбырларды салу қажет.
Болатбек Нұрасылов, мердігер компания жетекшісі:
- Географиялық жағынан өте күрделі учаске. Оның үстіне жаз қысқа яғни құрылыс мауысымы да ұзақ емес деген сөз. Мұзтаудың қасында 1800 метр биіктікте жұмыс істеуге екінің бірі шыдай бермейді.
Аспанмен астасқан аумақта жол салуға техника да төтеп бермейді. Тау қопарып, тас жарудың қауіпі де көп.
Дархан Иманашев, «ҚазАвтоЖол» ҰК басқарма төрағасы:
- Жол тегістейтін техниканы жүктиегіштерге сымарқанмен байлап қоямыз.Өйткені көлік аяқ астынан төмен сырғып кетуі мүмкін.Жалпы қауіпсіздік талаптарының бәрі ескеріледі.
Егер жазық дала болса бұл жұмысты екі-ақ аптада еңсеруге болар еді,- дейді мердігерлер. Дегенмен қауіп қатерге қарамастан, жолаушыларға сапалы жол салыну керек. Бұл бөліктегі құрылыс келер жылы аяқталмақ.
Авторлары: Эльмира Ахметова. Жігер Бабахнов
Тегтер #ШҚО #турист #жобалар #ҚазАвтоЖолPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz