RU
Толық нұсқаға өту

Шымкентте өртке қарсы төрт кешен салынады

09.10.2025, 08:40 389

Шымкентте өртке қарсы қауіпсіздікті күшейту үшін жаңадан төрт бірдей кешен бой көтеріп жатыр. Заманауи бекеттер орталықтан шалғай орналасқан шағын аудандарда салынады. Онда жедел жәрдем мен полиция бекеті қоса ашылады. Мердігер компания өкілдері құрылысты мерзімінен бұрын аяқтау үшін жұмыс кестесін күшейтті.

Заманауи кешендердің функциясы жаңа форматта ұсынылды. Енді өрт сөндіру, жедел жәрдем және полиция қызметкерлері бір нысанға шоғырланып, шұғыл әрекет етуге жұмылдырылады. Басты мақсат қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Жаңа нысанның бірі Елтай тұрғын алабында тұрғызылып жатыр. Ауданы 600 шаршы метр болатын ғимараттың қабырғасы қаланып, негізгі құрылымдық жұмыстары аяқталды. Мердігер компания өкілдерінің айтуынша, құрылысты жыл соңына дейін аяқтау үшін жұмыс кестесі күшейтілген.

Осындай бекеттер орталықтан шалғай орналасқан Сәуле, Таскен, Жаңаталап тұрғын алаптарында да салынып жатыр. Жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес, жұмыс және оқу кабинеттері, жаттығу алаңы мен жатын бөлмелер қарастырылған. Халықтың демографиялық өсіміне байланысты қосымша 6 нысанның құрылысы жоспарланды.

Жамбыл Жабаев, қалалық ТЖД бастығының орынбасары:

- Өртке 10-15 минутта жетуіміз керек регламент бойынша. Сол теміржол бізге қиындық келтіреді. Техниканы жеткізуімізге. Соның да әсері бар және көпірлер бар. Тұрақты халықтың санына байланысты осындай жерлерді таңдадық.

Қала аумағында өрт сөндіру бекетінен 20 шақырым қашықтықта орналасқан 12 тұрғын алап бар. Жалпы жедел қызметтердің жұмысын жетілдіруге арналған кешендер осы аумақта бой көтереді. Жобаны жүзеге асыруға бюджеттен 2 миллиард теңгеден астам қаржы қаралып отыр.

Айдын Нәшенов, қалалық Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

- Осыған дейін мұндай жобалар қолданылмаған. Сондықтан барлығын бір жерде орналастыру үшін қызмет службаларымен келісе отырып, жаңа жоба жасалды. Олардың әрқайсысын бөлек-бөлек салатын болса қайда көп қаржы кететін еді. Бір жерге орналасқандықтан бюджет қаражаты үнемделетін болады.

Қалада 10 өрт сөндіру бекеті бар. Биыл Төтенше жағдайлар департаментінің материалдық-техникалық базасы жаңадан жол талғамайтын көліктер мен күрделі жағдайларда кедергісіз жұмыс істеуге арналған автокрандар, авариялық-құтқару машиналарымен толықты. Енді салалық министрліктен заманауи кешендерге жаңа мамандарды тартуға өтініш берілді.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz