9 қазан - пошташылардың кәсіби мерекесі. Дүниежүзілік пошта күні - Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінде аталып өтетін халықаралық күндердің бірі. Қазір цифрлық технологиялар бұл сала үшін үлкен мүмкіндік туғызып, табысқа да кенелтіп отыр.
Қазіргі уақытта үшбу хат жазып, оны поштаға апарып салатындар аз. Өйткені хабарды жазбаша түрде телефон арқылы жеткізуге мүмкіндік мол. Алайда қағаз хаттар жоғалып кеткен жоқ.Ресми деректерге қарағанда, тек бір ел ішінде таралатын хаттардың саны 55%-дан астам төмендеді. Яғни әрбір елдің ішінде поштамен жіберілетін хаттар саны бұрынғыға қарағанда жартылай немесе одан да көп азайған. Халықаралық хат-хабар көлемі 85%-дан аса төмендеді. Бұл дегеніміз елдер арасындағы хаттар мен пошта жіберу саны шамамен 5 есе кеміген.
Василис Флоропулос, Нellenic Рost орталығының басшысы:
- Робот пошташы шынымен де өте тиімді әрі ыңғайлы технология. Олар қолмен жасалатын жұмысты жеңілдетеді. Пошта сөмкелері толған кезде автоматты түрде бізге хабарлама жібереді. Осылайша біз оларды елдің әрбір бөлімшесіне оңай бағыттай аламыз. Құрылғы QR-кодты сканерлеп, штрихкод пен пошта индексін оқып, оны тиісті контейнерге салады.
Әлем бойынша пошта қызметтерін ширату мақсатында роботтандырылған жеткізу технологиялары кеңінен қолданылады. Мысалы, Вьетнамдағы Viettel Post компаниясы қоймада 200-ден астам роботты пайдаланып, тапсырыстарды жылдам әрі дәл жеткізеді. Дәл сондай қызмет түрлері Қытай, Эстония, Грекия, Норвегия сынды мемлекеттерде қарқынды қолданылып келеді. Бұл технологиялар пошта саласын цифрлық дәуірге лайықтап, тұтынушыларға жылдам әрі сенімді қызмет ұсынады.
Дама Дамевски, сарапшы:
- Цифрлық дәуір байланыс әдістерін түбегейлі өзгертті. Пошта саласы қазір маңызды кезеңге жақындап келеді. Қазіргі заманның талабына сай болу үшін біз инновациялық технологияларды батыл енгізіп, заңнамалық базаны жаңартып, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуымыз керек. Бұл ең алдымен болашақта сенімді байланыс жүйесін қалыптастыру жолы.
Бір кездері пошта қызметі бәсеңдеп қалғанмен кейін заман ыңғайына төселді. Әлем елдері пошта қызметтерін автоматтандыру арқылы логистика мен коммуникация саласында жаңа кезеңге қадам басты.
Авторы: Динара Орынтай
Тегтер #пошта #хаттар #пошта қызметі #жаңалықтар
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz