RU
Толық нұсқаға өту

Қазақ-тәжік арасындағы алыс-беріс

09.10.2025, 13:00 481

Қазақстан тәжік еліне арпа-бидай, ұн, макарон өнімдерін, табиғи газ, алюминий оксиді мен диоксидін, цианид пен асбест жөнелтеді. 

 Ал біздің елге Тәжікстаннан кен байыту өнімдері, мыс және цинк концентраттары, кеңсе тауарлары, картон қағаз, жеміс-жидек, жаңғақ пен кептірілген жеміс әкелінеді.

 Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Қазақстан тәжік еліне 85 түрлі тауардың экспортын ұлғайтпақ. Былтыр екі ел арасындағы тасымал көлемі сегіз пайызға өсіп, 5 млн тоннадан асқан еді. Биыл жарты жылда 2,7 млн тоннаның өнімі тасымалданды. Бұл 12% -ға көп. Әсіресе тауарды автокөлікпен жеткізу үлесі 45 пайызға артқан. Екі арада 494 мың тоннаның тауарын тасыған көлік керуені түзілген екен.

 Саян Сұңғатов, QazTrade сауда саясатын дамыту орталығының аға сарапшысы:

- Соңғы бес жылда тауар айналымы 53 пайызға артқан. Одан бөлек жақында екі ел президенттері алға жоспар құрды: өзара тауар айналымын 2 млрд АҚШ долларына дейін жеткізу. Енді ағымдағы жылға тоқталатын болсақ, сегіз ай қорытындысы бойынша Қазақстан мен Тәжікстан арасында өзара тауар айналымы 774 млн АҚШ долларын құрап отыр. Оның басым бөлігі, яғни 90 пайызы 700 млнға жуық экспорт болып табылады.

 Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Энергетика саласындағы ынтымақтастық та бекемдей түспек. Жуырда өткен Казэнерджи форумында Тәжікстаннан электр қуатын сатып алу мәселесі талқыланды. Яғни ондағы Рогун ГЭС-інен елімізге электр энергиясын жеткізу жоспары бар. Энергетика министрі Қазақстанның үкіметаралық келісімге қол қоюға әзір екенін хабарлады. Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, бұл келісім 2023 жылғы ынтымақтастық жөніндегі меморандум негізінде іске асырылмақ. Осылайша, қос мемлекет Орталық Азиядағы ауыл шаруашылығын қолдап, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға үлес қоспақ. 

 Авторы: Мерей Мұратханқызы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz