Тәжікстанда сауда-экономика, логистика мәселелері кеңінен талқыға салынады.
Еліміз үшін энергетика саласы да маңызды. Мәселен, өңірлерді газбен қамту деңгейі 63%-ға жуықтады. Алдағы 5 жылда бұл көрсеткішті 65%-ға жеткізу міндеті тұр. Ол үшін «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральдық газ құбырының екінші желісі және «Талдықорған-Үшарал» газ құбыры сияқты ірі жобалар іске аспақ. Жалпы 2030 жылға дейін елде 4 газ өңдеу зауыты пайдалануға берілуі тиіс. Салада тағы қандай ілкімді жаңашылдықтар бар?
Энергетика министрлігінің дерегіне сай, былтыр елде 59 млрд текше метр газ өндірілсе, биыл өндіріс көлемі 63 млрд текше метрге жуықтауы тиіс. Сол секілді биыл 29 млрд текше метр тауарлық газ өндіріледі. Сондай-ақ 1,7 млн тонна сұйытылған мұнай газын өндіру жоспарланған.
ГАЗ ӨНДІРІСІ
2024 жыл - 59,0 млрд м³
2025 жыл - 62,8 млрд м³
ТАУАРЛЫҚ ГАЗ
2025 жыл - 29,4 млрд м³
СҰЙЫТЫЛҒАН ГАЗ
2025 жыл - 1,7 млн тонна
Ал жаңа газ өңдеу зауыттары қай өңірлерде бой көтереді? 4 нысан жайында айтсақ, олар Қашаған, Қарашығанақ кен орындарының шикізаттық базасы негізінде салынады. Сондай-ақ Жаңаөзендегі ҚАЗАҚ газ өңдеу зауытын кезең-кезеңмен пайдалануға беру көзделіп отыр.
Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:
- 2026-2030 жылдар аралығында 4 газ өңдеу зауытын: қуаттылығы жылына 1 млрд және 2,5 млрд текше метр болатын Қашаған кен орнының, қуаттылығы жылына 4 млрд текше метр құрайтын Қарашығанақ кен орнының шикізаты базасында, сондай-ақ қуаттылығы жылына 900 млн текше метр болатын Жаңаөзен қаласындағы Қазақ ГӨЗ кезең-кезеңімен пайдалануға беру басталады.
Елде 4 трлн текше метр табиғи газ қоры бар, деседі мамандар. Әлі де көмірсутек қорын ұлғайту қажет. Мемлекеттік Жер қойнауы қорын басқару бағдарламасына енген 15 учаскеде геологиялық барлау жүріп жатыр. Мысалы, былтыр Шалқар, Малдыбай учаскелері бойынша отандық компаниялармен келісім-шарттар орнатылған. Сондай-ақ шетелдік инвесторлармен келіссөздер жүріп жатыр. Мысалы, Ақтөбе облысындағы КТ-3 учаскесінде сейсимкалық мәліметтерді талдау, «Солтүстік-1» учаскесінде дәл осындай жұмысқа инвесторлар кіріскен.
Ұлан Бүркітов, "QAZAQGAZ" ҰК" АҚ Геологиялық барлау және перспективалық жобалар бойынша басқарма төрағасының орынбасары:
- 2024 жылы алғаш рет 2 учаскеге жер қойнауын пайдалану келсімшартына қол қойды. Және де 2025 жылы тағы да 2 келісімшартқа қол қойдық. Ол Ақтөбе облысындағы «Солтүстік-2» учаскесі Қазазот компаниясымен бірелесіп жұмыс жасайтын боламыз. Маңғыстау облысындағы «Аққұдық» учаскесі Қор компаниясымен бірлесіп кері қаражыландыру механизмін пайдаланып жұмыс істейміз.
Алдағы уақытта перспективалы учаскелердің қорынан тағы 800 млрд текше метрге жуық газ табылады деген болжам бар. Газдың ресурстық базасын ұлғайту құзырлы мекемелер жұмысының басты приоритетіне айналып отыр.
Ұлан Бүркітов, "QAZAQGAZ" ҰК" АҚ Геологиялық барлау және перспективалық жобалар бойынша басқарма төрағасының орынбасары:
- Біздер бұл учаскелермен тоқтала қоймаймыз. Жұмысымыз жүйелі түрде жалғасып жатыр. Тағы да басқа қандай перспективалы учаскелер бар соны талдап мемлекеттік жер қойнауын басқару бағдарламасына енгізуге жұмыстанамыз. Мысалға биыл тағы да 3 учаскеге энергетика министрлігіне заявка береміз деген жоспар бар.
Алда жаңа міндет бар – ол заңнаманы жаңғырту. Себебі мұнайгаз-химиясы - табыс көзі болуымен қатар, ел экономикасының орнықты дамуы үшін маңызды. Жаңа заң шикізаттық модельден терең өңдеуге көшу - стратегиялық қажеттілік , - дейді мамандар. Оны ілгерілету үшін заңнамалық тетіктерді айқындау қажет.
Темірлан Уркумбаев, ҚР Энергетика министрлігі мұнай-газ химиясы және техникалық реттеу департаментінің директоры:
- Қазір біз мұнайгаз-химия өнеркәсібі туралы заң әзірлеп жатармыз. Бұндай заңнама Кеңес одағы тарихында болмаған. Заң не үшін қажет десеңіз, біріншіден, республика үшін де, инвестор үшін де, нақты құқықтық негіз болады. Сонда инфрақұрылымды дамытып, ішкі нарық қажеттіліктерін қамтып, экспорттық потенциалымызды ұлғайта аламыз. Себебі мұнай-газ химиясы – бұл жаңа өнеркәсіп. Оны дамыту үшін үлкен жұмыс жүргізіліп жатыр.
Былтыр мұнайгаз-химия саласын дамытудың 2030 жылға дейінгі жол картасы бекітілді. Ол салаға 15 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартуды көздейді. Жаңа жобалар 20 мыңға жуық жұмыс орынын ашуға мүмкіндік береді.
Рухани Әбдірахман
Тегтер #Қазақстан #газ өңдеу зауыты #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz