RU
Толық нұсқаға өту

Тұрмыста көмірге сұраныс азайды

09.10.2025, 17:51 315

Биыл тұрғындардың қатты отынды тұтыну көлемі 500 мың тоннаға аз болуы мүмкін.

Мамандар осындай болжам жасап отыр. Оған газдандыру ісінің іргерлеуі себеп көрінеді. Дегенмен, халық көмірден қолүзіп кете алмайды. Мұны биылғы жолдауында мемлекет басшысы да баса айтқан еді. Сол себепті пеш жағып, күл шығаратын қараша үшін қыстың қамына ертеден кірісу маңызды. Ал биылғы көмір қоры жеткілікті ме? 

Жер жүзіндегі көмір қорының 4 пайызы қазақ жерінде жатыр. Қойнауы қазынаға толы Қазақстанда 33 млрд тонна қатты отын бар көрінеді. Бұл барланғаны һәм белгілі болғаны ғана. Қазіргі қолданысты ескерсек, оның қоры әлі 350 жылға жетеді. Айтайық, бізде жыл сайын 100 млн тоннадан астам қара отын өндіріледі. Оның 7,4 млн-ы тұрмыста қолданылады. Яғни пеш жағып, күл шығаратын қараша осынша өнім тұтынады. 

Дүниежүзілік көмір қоры - 4%

Қазақстандағы көмір қоры - 33,6 млрд тонна

Тұтыну уақыты - 350 жыл

Ғабиден Ғауанов, ҚР ЭМ Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің басқарма басшысы: 

- Көмір өндіруші кеніштер басым көпшілігі орталық, шығыс Қазақстанда орналасқан. Оның ішінде өзімізге бәрімізге танымал Қаража кеніші, Шұбаркөл кеніштері. Барлық жергілікті өңірлерге  осы екі кеніштердің жіберу графиктерін қарап, тізгілеп отырамыз. Ішкі нарықты айтып өтсек, қазіргі қыркүйек, қазан қараша айларында ішкі нарықты басты қарап отырмыз. Сыртқы нарыққа шығаруды екінші орынға қойып, өзіміз қыстың алдында өзімізді сайлау үшін, басты ішкі нарықты ұстап отырмыз. 

Қазір қажетті көмір қорының 62 пайызы жиналды. Бұл шамамен 4,5 млн тонна отын даярланды деген сөз. Ал қыс қатты болса көмірге сұраныс сұрапыл болары сөзсіз. Сол себепті көктем шықпай босаңсуға болмайды. Ал қара отын қат болса, нарықтағы баға райы да ырық бермеуі мүмкін. Мұны осы аптада үкімет басшысы баса айтқан еді. Олжас Бектенов көмір құнын қадағалауды күшейтуді тапсырды. 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Бүгінде өңірлердің басым бөлігінде жылу беру маусымы уақытылы басталды. Республиканың оңтүстігінде жылу бекітілген кестеге сәйкес және ауа райына байланысты беріледі. Өңір әкімдеріне жылу беру маусымын тікелей бақылауға алуды тапсырамын. Жылу көздеріндегі барлық жоспарлы параметрлердің сақталуын, отынның нормативтік қорын қадағалап отыру қажет. Резервтің жабдықтардың әзірлігін қамтамасыз етіңіздер. Коммуналдық қызметтердің жөндеу бригадалары кез келген жағдайға шұғыл әрекет етуі тиіс. Сондай-ақ халыққа арналған көмір бағасының тұрақты болуын да бақылауда ұстау қажет. 

Жауаптылар баға бақылауда дейді. Қазір өңірлердегі көмірдің орташа бағасы - тоннасына 16-17 мың теңге. Тіпті 6 мың теңге де сатылып жатқан көрінеді.  

Ғабиден Ғауанов, ҚР ЭМ Атомдық және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің басқарма басшысы:

- Қазіргі таңда бағасы 6 мың теңгеден тоннасына 27 мың теңгеге дейін қаралып отыр. Оның орташа бағасы 16-17 мың теңге. Баға жайынан күрт өзгертулер болып жатса, міндетті түрде шешімдерін қабылдап, оны қарап отырамыз. Баға райынан күрт көтерілу деген мәселелер қазіргі таңда орын алып жатқан жоқ. 

Ал биылғы тоғыз айдың төңірегінде 71,1 млн тонна көмір өндірілді. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 113 млн тоннаға жеткізу жоспары бар. 

Шернияз Жалғасбекұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz