Биыл Түркістан облысында жылыту маусымы 15 қазан мен 1 қараша аралығында басталады.
Қазір өңірде алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Биыл 1 жылу-энергоорталығы, 7 қазандық және 2 турбина жөндеуден өтіп, 44 шақырым жылу желісі ауыстырылуы қажет болатын. Аталған жұмыстар толық аяқталды ма?
Түркістан облысына алдағы жылыту маусымында жеке тұрғын үйлер мен жылыжайларға 594 мың тонна көмір, 20 мың литр дизель және 8 мың тонна мазут қажет. Жауаптылар жылуға қажетті отын көлемі жасақталып жатқанын жеткізді. Қазір облыстағы теміржол тұйықтарында 94 мың тонна көмір қоры бар. Шұбаркөл көмірінің тоннасы сапасына қарай 21-25 мың теңге аралығында сатылып жатыр.
Марат Байкүнісов, облыстық энергетика және ТКШ басқармасының бөлім басшысы:
- Қыс мезгілінде күн суытқанда бір мезетте барлығы осы темір жол тұйықтарына көмір алуға келген жағдайда кезек көп болып, болмаса алыпсатарлар болуы мүмкін. Сол себепті облыс тұрғындарын және жылыжай иелерін қазірден бастап көмір отынымен қамдануға шақырамыз.
Жауаптылардың айтуынша, бүгінгі күні Созақ ауданындағы 3, Төлеби ауданындағы 1 қазандықтың жөндеу жұмыстары бітті. Одан бөлек, Кентау қаласындағы жылу-энерго орталығының құрылысы толық аяқталып, 2 қазандық пен 2 турбинасы жылу беруге дайын. Нәтижесінде қазандықтардың тозу деңгейі 85 пайыздан 25 пайызға дейін төмендеген. Қазір моноқалада 44 шақырым жылу құбырлары қайта құрылымдаудан өтіп, сыртын қаптау, оқшаулау жұмыстары жүргізілуде.
Жандос Тасов, Кентау қаласының әкімі:
- Қалада жалпы ұзындығы 14 шақырым магистралды жылу құбырының қайта құру жұмыстары басталған болатын. Бұл жобаның құны 7,6 млрд теңге болса, бүгінгі күнге бөлінгені 700 млн теңге. Биыл ұзындығы 1 шақырым 630-дық құбыр жүйесі толықтай ауысып, іске қосылды. Сонымен қатар 750 метр, 219 дм және 273 дм 200 метр жылу құбыры осы жоба аясында ауысты.
Ал Түрістан қаласында 18 орталықтандырылған және 77 автономды қазандық көпқабатты тұрғын үйлерді жылумен қамтамасыз етеді. Жауаптылар жылыту маусымына дайындық тұрақты бақылауда екенін айтады.
Ерғазы Рыспеков, жылыту мекемесінің директоры:
- Олардың барлығы бүгінгі күні қысымдау, шаю жұмыстары, ағымдағы жөндеу жұмыстары толығымен ақяталып, дайын тұр. Жалпы Түркістан қаласы бойынша 422 көпқабатты үй болатын болса, соның 223 үйі біздің орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етіледі. Жылу мекемесі 2025-2026 жылға жылытуға толығымен дайын.
Жандос Жұмабек, тілші:
- Түркістан облысында 685 денсаулық сақтау, 1297 білім беру, 211 мәдениет, 73 спорт, 7 әлеуметтік нысан және 737 көп қабатты тұрғын үй бар. Алдағы жылыту маусымында оларға 7 кәсіпорын қызмет көрсетеді. Оның ішінде 36 жылу энергетика кешені мен 2083 автономды қазандық жұмыс істейді.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш
Тегтер #Түркістан облысы #қыс мезгілі #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz