RU
Толық нұсқаға өту

Корея компаниялары «Аlatau city» жобасына инвестиция салады

16.10.2025, 17:28 465

Ұшқышсыз такси және әуе көлігі, жасанды интеллект пен энергетика. Осы және басқа да салаларда ынтымақтастық орнату туралы келісімге Қазақстан мен Оңтүстік Корея үкіметтері және бизнес өкілдері келісті.

Сеулде Алматы облысындағы «Аlatau city» жобасына арналған екі күндік роуд-шоу аяқталды.

Алатау қаласын салу кезінде Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның қай салаларда серіктес болатынын қазақстандық делегация құрамынан-ақ байқауға болады. Сеулге ғылым және жоғары білім, көлік, энергетика, өнеркәсіп және құрылыс, сондай-ақ жасанды интеллект пен цифрлық даму министрліктерінің өкілдері келді. Еліміз Алатау сити жобасына смарт-технологияларды енгізгенде Корея тәжірибесін пайдалануды жоспарлап отыр.

Дмитрий Мун, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі:

- «Аlatau city» әкімдігінің көптеген қызмет түрлерін бастапқы кезеңнен-ақ жасанды интеллектке көшіру мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Соның ішінде аймақ тұрғындарынан келіп түсетін қоңыраулар мен өтініштерді де қамтиды. Бұл қазіргі уақытта бар мәселелерді уақытылы анықтауға мүмкіндік береді.

Алатау аумағында салынып жатқан алғашқы жоғары оқу орны әйгілі KAIST – Кореяның алдыңғы қатарлы ғылым және технология институты болуы мүмкін. Бұл жөнінде екі ел өкілдері арасында келіссөздер жүріп жатыр. Сондай-ақ Оңтүстік Корея үкіметі сирек жер металдарын өндіру саласындағы зерттеулерге инвестиция салуды жоспарлап отыр.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- Біздің министрлік және Кореяның сирек металдар институтымен бірігіп келесі жылы үлкен бірлескен институт ашылады. Ол - зерттеу институты. Сирек металдарды өндіру, сирек металдардан жаңа өнімдер шығару үшін. Кореяның үкіметі 20 млн долларлық инвестицияны шешім қабылдап рұқсат берді.

Форум барысында Қазақстанның Көлік министрлігі мен Корея әуежайлар корпорациясы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Екі ел Алатау сити аумағында әуе такси жобасын бірлесіп дамытуға келісті.

Талғат Ластаев, ҚР Көлік вице-министрі:

- Қазақстандық  компания ауқымды дайындық жұмыстарын жүргізді, соның ішінде Кореяның жетекші компанияларымен де бірлесіп жұмыс істеді. Бізде қазір нақты бағыттар мен вертипорттар, таксилер ұшып-қонатын арнайы алаңдар бар. 2028 жылға қарай осы вертипорттардың құрылысын толық аяқтап, жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз.

Қазақстан министрліктерінің өкілдері атап өткендей, Алатау әуе такси қызметін дамытуға өте қолайлы. Үкімет жаңа қалада заманауи технологияларды жедел енгізу үшін заңдарға өзгерістер енгізуге дайын. Ал Оңтүстік Кореяның кәсіпкерлері жақын уақытта Алматыға келіп, Алатау сити мегажобасымен егжей-тегжейлі танысуды көздеп отыр.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz