Маңғыстау облысында Республика күні қарсаңында жаңа мектеп ашылып, өндіріс нысаны іске қосылды.
Мұнайлы ауданы мен Ақтауда өткен салтанатты шараға облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай қатысып, жаңа жобалардың өңір әлеуетін арттыруға серпін беретініне сенім білдірді.
Айрақты ауылындағы білім ұясы облыс бойынша қолданыста берілген осымен он бірінші «Келешек мектебі». Мұнда балалар екі ауысымда оқиды. Жасанды интеллект, робототехника, инклюзиялық кабинеттер бар.
Нұрдәулет Қилыбай, облыс әкімі:
- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бүгін тағы да бір білім ордасы Мұнайлы ауданында ашылды. Іші барлық жабдықтармен жасақталған. Сол себептен бұл мектептен жақсы түлек шықпауы мүмкін емес. Болашаққа сеніміміз мол. Дәл осы мектептің ашылуының өзінің символы бөлек болып тұр. Себебі мемлекеттік ұлы мерекеміз Республика күні қарсаңында ашылып жатыр.
Гүлшәт Тауниязова, айрақты ауылының тұрғыны:
- Осы мектептің іргетасы қаланғанда қатты қуанатынбыз. Өйткені әр баламыз көрші ауылдарда оқып жатты. Бұл мектеп заманауи талаптарға сай. Техника, материалдық жағынан балапандарымыздың шығармашылық, интеллектуалдық дамуына әрі қарай биік белестерді бағындыратынына ешқандай күмәніміз жоқ.
Ақтаудағы бұл зауытта болаттан жасалған құбырлар коррозияға қарсы қоспамен қапталады. Кәсіпорын жаңғыртудың үшінші кезеңіне өтіп, қос цехты іске қосты. Енді икемді полимерлі арматураланған құбырлар шығарып, олардың ішкі бетіне коррозияға қарсы жабын жағады. Бұл жобаларға 8,5 млрд теңге инвестиция тартылды.
Руслан Бозахаров, зауыт бас директорының орынбасары:
- Президенттің жарлығы бойынша импортты алмастыру, жергілікті өндірістерді дамытудың ықпалы есебінде біз осындай цехты аштық. Диаметрі 80-нен 250-ге дейін құбыр шығарамыз. Темір құбырлар 9-12 метр болатын болса, біз 1 километрге дейін біртұтас құбырларды шығаратын боламыз.
Жаңа өндірістің арқасында 125 жұмыс орны құрылды. Ал толық қуатына шыққанда тағы 25 адам алынады.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Маңғыстау #жарнамаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz