Астанада «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауы мәресіне жетті. Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен өткен дәстүрлі дода еліміздегі ең үлгілі отбасын анықтауға арналған.
Өнерімен де, өнегесімен де өзгелерден оқ бойы дараланған жанұяларды Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев құттықтады. Іс-шараға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да қатысты. Мәулен Әшімбаев өз сөзінде қатысушыларға ілтипат білдіріп, биылғы байқаудың Республика күнімен тұспа-тұс келгені ерекше жайт екенін айтты. Ұрпақтар сабақтастығын сақтауға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуде мұндай жобалардың маңызы зор екенін атап өтті. Ұлтымыздың жаңа сапасын қалыптастыруда отбасы институты маңызды рөл атқарады. Сенат төрағасы бұл мәселе Мемлекет басшысының үнемі назарында екенін жеткізді.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Қазақ – қашанда отбасын қасиетті ұғым санаған халық. Отбасының беріктігі мен ынтымағы – ұлттың бірлігі мен тұрақтылығының кепілі. Сондықтан ата-ананы ардақтау, туыстық қатынастарды нығайту сияқты құндылықтар ұлт мәдениетінің өзегіне айналды. Қазіргі таңда Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен осы сабақтастықты әрі қарай сақтау үшін ауқымды жұмыс атқарылып келеді. Бұл ретте отбасы институтын нығайтуға, ана мен баланы қорғауға және қоғамда дұрыс құндылықтар жүйесін насихаттауға баса мән беріліп отыр. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында да отбасыларды қолдауға, ана мен баланың құқықтарын қорғауға арналған маңызды міндеттер жүктеді. Бұл әлеуметтік бастамалардың бәрі елімізде отбасы құндылықтарының нығаюына және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуды көздейді.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Астана #Мерейлі отбасыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz