RU
Толық нұсқаға өту

«Хабар» ардагерлеріне құрмет көрсетілді

23.10.2025, 19:40 433

Бүгін  «Хабар» арнасының мерейлі сәті. Агенттіктің 30 жылдық тарихында өз қолтаңбасын қалдырған ардагерлерге ерекше құрмет көрсетілді.

Телеарнаның қалыптасуына елеулі үлес қосқан ардагерлерге арнайы төсбелгілер табыс етілді. Осы жылдар ішінде Хабар ақпарат айдынында өз мектебін қалыптастырып, отандық журналистикада жаңа есімдер мен жобалардың жарқын бастауына жол ашты. 

1995 жылы Хабардың іргетасының қалануына ат салысқан белгілі журналист - Тілеуқабыл  Мыңжасар. Ол телеарнада басшылық қызметке қызықпай, құрметті демалысқа шыққанша қолынан қағаз-қаламы мен микрофонын тастамаған жан. Бүгін мереке аясында ардагер тілшіге арнайы медаль табысталды.

Тілеуқабыл Мыңжасар, «Хабар» Агенттігі» АҚ ардагері:

- Мен «Хабардың» ең бірінші күнінен жұмыс ісеген тілші ардагерлердің бірімін. Мен үшін осы 30 жылдықтың орны мүлдем бөлек. Өткен жастық шағым әдемі кездерім соның барлығы ойыма оралып, жасарарып, қуанып тұрмын. Марапат алып жатырмыз, әріптестерім алып жатыр, солардың қуанышына менде ортақтасып барлығымыз мәз болып жатырмыз, содан артық не бар, еңбегіміз жана берсін.

Тоқсаныншы жылдары «Хабар» арнасының алғашқы аймақтық қосыны Шымкент қаласында құрылды. Оңтүстіктің саяси-экономикалық және әлеуметтік саладағы жаңалықтарын жеткізу үшін ұйымшыл тілшілер тобы еңбек етті. Өңірге меншікті оператор ретінде Ағабек Қазанбай бекітіліп, аймақтың өзекті мәселелерін республикалық деңгейде көтеруге үлес қосты. Бүгінде ардагер өзі түлеп ұшқан  агенттікті  Түркістан облысы Шымкент қаласы және Ордабасы ауданы басшылығының атынан құттықтады.

Ағабек Қазанбай, «Хабар» Агенттігі» АҚ ардагері:

- «Хабардың» 30 жылдық мерейтойына арнайы шақырылғаныма қуаныштымын. Сіздерге шығармашылық табыс тілеймін. «Хабар» өсе берсін, ұлғая берсін! «Хабардың» бүкіл қызметкерлерін, басшыларын, тележурналистер мен телеоператорларды, өзімнің әріптестерімді шын жүрегімнен құттықтаймын. Жасай беріңіздер, хабарлықтар!

Елімізге танымал тележүргізуші Қымбат Досжан 28 жыл бұрын «Хабар» арнасында еңбек жолын бастаған болатын. «Сәлем, Қазақстан», «Бармысың, бауырым?» сияқты халықтың сүйікті жобаларын жүргізді. Сондай-ақ 18 жыл бойы кешкі жаңалықтардың жүргізушісі болды.

Қымбат Досжан, «Хабар» Агенттігі» АҚ ардагері:

- Бұл 30 жылдық белес 30 күндей көз алдымызда өте шықты. Расымен де хабар біздің жүрегімізде біз хабардан 10 шақты жыл бұрын кетсекте бірақ «Хабар» бізден кетпейді екен. Бүгін қаншама алдыңғы толқын ағалары, сонау қазақ телевизиясынан келіп, «Хабарда» қызметін жалғастырған үлкен аға-әпкелерімізбен кездесіп жатырмыз. Өзіңінен кейінгілерді көріп жатырмыз. Бұл деген бақыт қой. Ғанибет. Сондықтан «Хабар» жасай берсін. 

30 жыл ішінде «Хабар» агенттігі талай талантты танытып, тың туындылармен көрермен көңілінен шықты. Телесериал мен кино, арнайы жобалар жасалып, халыққа жол тартты. Ал агенттікке қарасты тәулік бойы жұмыс істейтін тұңғыш ақпараттық арна – «24KZ» медиа кеңістікте ойып тұрып орын алды. «Хабар» агенттігінде қазір бір мыңға жуық адам жұмыс істейді.

Авторлары: Жанар Меңдігерей, Бағдат Қайыркен

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz