Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтау туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Өндірісті өркендетуге және агро-өнеркәсіп кешенін дамытуға зор үлес қосқаны үшін Солтүстік Қазақстан облысындағы шаруашылықтың механизаторы М.Қаражұмановқа, тау-кен саласындағы айтулы жетістігі және ұзақ жылғы еңбегі үшін Қарағанды облысындағы шахтаның учаске бастығы С.Чернобайға «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді.
Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Президент Жарлығымен елдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосқан және белсенді қоғамдық қызмет атқарған бірқатар азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында еңбек ардагерлері, жұмысшылар, өндіріс, бизнес, білім беру, ғылым, денсаулық сақтау салаларының өкілдері, әскерилер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, спортшылар, мәдениет және өнер қайраткерлері бар.
Айта кетерлік жайт, Жұмысшы мамандықтары жылына орай, Республика күні қарсаңында еңбек әулеттерінің 138 өкілі өнеркәсіп, көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардың 500-ге жуық жұмысшысы мен еңбеккері, шағын және орта бизнестің 200-ге жуық өкілі, 130-дан астам ұстаз бен ғалым, 100-ден аса медицина қызметкері және күнделікті еңбегімен ел дамуына үлес қосып жүрген басқа да азаматтар мемлекеттік наградаларға ие болды.
Тегтер #Таңдаулы #Тоқаев #ЖарлықPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz