Республика күніне орай Қостанай облысында ел дамуына елеулі үлес қосқан қырық азамат мемлекеттік ордендер мен медальдармен марапатталды.
Салтанатты жиын аймақтың әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне еңбек сіңірген тұлғаларды ұлықтауға арналды. Марапат иелері қатарында ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, медицина, білім және әлеуметтік сала қызметкерлері бар. Үздіктердің басым бөлігі ауыл еңбеккерлері. Салтанатты рәсімге шалғай ауылдардан да еңбек адамдары арнайы шақырылып, марапатқа бөленді.
Алтынсарин ауданының тұрғыны, агроном Василий Капистерницкий 15 жылдан бері дала төсінде еңбек етеді. Оның басшылығымен биыл шаруашылықта гектарынан 32 центнер бидай жиналған.
Василий Капистерницкий, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері:
- Бұл мен үшін 15 жыл ішіндегі жеке рекорд болды. ауыспалы егіс құрылымын өзгертеміз. Жер өңдеп, тыңайтқыш енгіземіз. Техниканы жаңалап жатырмыз. Биыл субсидиялау өте жақсы. Тыңайтқыштарды егін еккен кезде бердік.
Елді индустрияландыру кезеңінде Қостанай облысы шикізатты өңірден индустриалды аймаққа айналды.Өңірдің экономикалық өркендеуі үшін машина жасау, қара металлургия, көліктік-логистикалық инфрақұрылым және агроөнеркәсіптік кешен секілді 4 стратегиялық бағытты дамыту айқындалған.
Құмар Ақсақалов, Қостанай облысының әкімі:
- Осы жылдары елімізбен бірге Қостанай өңірі де тарихи белестерді бағындыра білді. Тобыл-Торғай өңірі ауырбіршілігі бекем, еңбеккер ел. Жеткен жетістігіміз, бағындырған шыңымызға облыс тұрғындарының бірлігі мен ынтымағының арқасында қол жеткіздік. Республика күні өткенге тағзым, болашаққа сенім білдіретін күн. Осы сенімді ақтау – ортақ парыз.
Жиын барысында түрлі салалардың дамуына елеулі үлес қосқандар мемлекеттік наградалармен атап өтілді. Биыл 40 адам ордендер мен медальдарға ие болды.
Серікбай Оспанов, ақын, III дәрежелі «Барыс» орденінің иегері:
- Аспанымыз ашық болсын! Мұның бәрі әрине Тәуелсіздігіміздің арқасы. Мына Республика күніне келіп жатқанымыз да сол. Бақытты заманда өмір сүріп жатырмыз. Әрі қарай жалғаса берсін, қайғысыз, мұңсыз күн кеше берейік. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!
Салтанатты марапаттау рәсімі облыстық және республикалық деңгейдегі әртістердің қатысуымен өткен мерекелік концертке ұласты.
Серік-Ибраһим Орынбек, Ермек Мұхамедьяров
Тегтер #Қостанай облысы #республика күні #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz