Оралдықтар да Республика күнін түрлі мерекелік-танымдық шаралармен атап өтуде.
Әр салада жемісті еңбек етіп жүрген жандар марапатталып, сый-құрмет көрсетіліп жатыр. Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін, Президент Жарлығымен марапатталған бір топ азаматқа да наградалары салтанатты түрде табыс етілді. Ал «Атамекен» өнер ордасында өңір жұртшылығын облыс әкімі Нариман Төреғалиев мерекемен құттықтап, айтулы күннің тарихтағы орнына тоқталды.
Мемлекет және қоғам қайраткерлерімен қатар қарапайым еңбек адамдары, көп балалы аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар Республика күніне арналған мерекелік кештің қонақтары. Жиналғандар ел егемендігіне негіз қалаған 25 қазанның қоғам үшін орны ерекше екенін айтады.
Жамал Ықсанова, еңбек ардагері:
- Республика күні біз үшін өте бағалы, өте құрметті, ең биік ұлттық мерекеміз. Сондықтан қуана-қуана қарсы алып жатырмыз. Біздің республикамыздың болашағы зор деп сенемін. Тек қана осылай көркейе берсін еліміз! Қазақстандықтар жақсы өмір сүрсін!
Биылғы мерекені Орал өңірі толайым табыстармен қарсы алды. Жыл басынан бері аймаққа 391 млрд теңге жеке инвестиция тартылған. Тікелей шетелдік инвестиция көлемі жөнінен жарты жылдықтың қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан Астана мен Алматыдан кейінгі 3-орынға, ал өңдеу өнеркәсібі өсімі бойынша республикада 1-орынға шыққан. «Республика күні бірлігімізді бекемдеп, елдігімізді нығайтар күн»,- дейді бүгінгі салтанатты шарада сөз алған өңір басшысы Нариман Төреғалиев.
Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:
- Республика күні – халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған егемендік пен тәуелсіздіктің бастауы. Әр қазақстандық үшін елдік рухты асқақтататын, Отанға деген сүйіспеншілікті арттыратын айрықша мереке. Тарихи мәні терең, идеологиялық жүгі жоғары айтулы күн еліміздің бүгіні мен ертеңіне адал қызмет ететін, ерен істер мен елеулі бастамаларды жалғастыратын барша азаматтың отаншыл рухын оятып, сенім мен жауапкершілік сезімін қалыптастырды.
Салтанатты шара облыстағы өнер ұжымдарының мерекелік концертіне ұласты.
Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Қ. Ақырап
Тегтер #республика күні #Орал #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz