Шығыс Қазақстан облысында өрттің алдын алу үшін жер үйлерге дабыл қондырғысы орнатылып жатыр.
Бұл жолы 200 үй қамтылды. Қазір өңірде өртке қарсы іс-шаралар күшейтілді. Құтқарушылар мен тәртіп сақшылары тексеру жүргізіп, жылу жүйесінде 11 мың кемшілікті анықтады.
Өскеменде полицейлер, құтқарушылар мен коммуналдық қызмет мамандары топқа бөлініп, жер үйлердің пешін тексеріп жүр. Өңірде соңғы екі айда 30 өрт болды. Осыған байланысты жауаптылар рейд ұйымдастырып, тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін түсіндіреді. Басты назарда аз қамтылған отбасылар.
Дина Бексұлтанова, қалалық ТЖБ бас маманы:
- Төтенше жағдайлар департаменті мен Өскемен қаласының төтенше жағдайлар басқармасының мамандары, полиция және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, үнемі профилактикалық шаралар жүргізуде. Бізде бүгін осы шара жүзінде халыққа көмек көрсету барысында осындай улы газ датчиктерін орнату шаралары жүргшізілді.
Қазір елде өртке қарсы іс-шаралар күшейтілді. Үкіметтің тапсырмасы бойынша жер үйлерге улы газға дабыл қағатын датчиктер орнатылады.
Наталья Григорьева, қала тұрғыны:
- Бұл біздің қауіпсіздігіміз үшін қолға алынған шара. Оның үстінде кішкентай баламыз бар. Сондықтан сақтықта қорлық жоқ.
Шығыс Қазақстан облысында 17 мың датчик орнатылды. Осының нәтижесінде өрттен 42 адам аман қалды. Қауіпсіздік ережелеріне мұқият болған жөн. Өйткені тілсіз жау ешкімді аямайды, дейді мамандар.
Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин
Тегтер #ШҚО #жер үй #өртке қарсы #дабыл #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz