RU
Толық нұсқаға өту

Бүгін - автожолшылар күні

26.10.2025, 19:42 477

Бүгін автожол саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі.

Елде бұл салада 25 мыңға жуық адам еңбек етсе, соның 3 мыңнан астамы Шығыс Қазақстанда. Ауыр да жауапты міндетті мойнына жүктегендер арасында әйелдер қауымы да көп. Солардың бірі – 40 жыл бойы жол сапасын тексеріп келе жатқан Манар Ордабаева. 

Тау-қиясы, орман-тоғайы көп Шығыс Қазақстанда жол салу оңай емес. Жолдың талапқа сай болуын қадағалаудың жауапкершілігі зор. Манар Ордабаева 40 жылдан бері осы салада еңбек етіп келеді. Әу баста «жол шебері» болып жұмысқа кіріскен ол қилы қиындықты бастан өткерді. Мердігер аяқталған күрежолдың жай-күйін зерттеп, өзі де талай жолда қалған. Алайда тақтайдай тасжолды, риза болған жолаушыларды көрген кезде соның бәрі ұмытылады, - дейді ол.

Манар Ордабаева, құрметті жолшы:

- Дұрыс жасалуын талап етеміз, барып көреміз, тексереміз. Жазда 40 градус ыстықта болсын, қыстың 40 градус аязында болсын жолда жүрумізге тура келеді. Қазіргі жөндеу жұмыстарынан кейін осы жолдардың өзіне қарағанда адамның жаны сүйсінеді. Бұл деген халықтың жағдайы.

Кәсіби жолшының көзі қырағы. Асфальттің құрамы, технологиялық есеп-қисаптың сақталуы сияқты мөлшер-межені қалт жібермейді. Әр көрсеткішті қағазға түсіреді. Себебі сапалы автожол ұсыну міндетіміз ғана емес, тұрғындарға деген құрметіміз деп санайды.

Манар Ордабаева, құрметті жолшы:

- Жол халыққа қызмет жасайды. Халықтың жүруі, олардың өмірінің сақталауы, сонысымен қымбат. Жол экономика тамыры дейміз, барлық жерді қиылыстыратын адамдар жүріп жатқан жол ғой. Барлық мәселені шешетін жол.

Манар Ордабаева талай жас маман тәрбиелеп шығарды. Қайсар мінезі мен төзімділігін кейінгі буын үлгі тұтады.

Ернұр Кәрім, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» ОФ инженері:

- Манар Айтқазиқызы өте жауапты адам. Ол секілді әйел адамдар көп істейді. Қыста да, жазда да жол саласы тоқтамайды. Өйткені қыста да, жазда да жұмыс көп.

Биыл өңірде бірнеше ірі жоба аяқталды. Тозығы жеткен талай жол жөнделді. Мысалы, көршілес екі облыс халқы он жыл күткен Омбы-Майқапшағай бағыты ашылды. Осының барлығы қай маусымда болмасын жол бойынан табылатын жолшылардың арқасында екені сөзсіз.

Өлкеде биыл жалпы 700 шақырымға жуық жол жөнделіп жатыр. Бұл жұмыс қар түскенше жүреді. Қыста жолдың ашық таза болуы да, жолшылардың міндетіне кіреді. Яғни жол саласындағы мамандардың еңбегі жыл он екі ай үздіксіз жалғаса бермек.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz