Ақмола облысында көктем сайын таситын Жабай өзені тазартылып жатыр.
Осылайша жергілікті билік өкілдері қазірдің өзінде су тасқынының алдын-алуға қам жасауға кірісті. Іргелі жоба корпоративтік қор есебінен қаржыландырылған. Үш жылдық жоспар аясында өзен жағасы да нығайтылады.
Жабай өзені көктем сайын үш ауданға үлкен қауіп төндіреді. Мысалы жалғыз Сандықтау ауданы орталығында 100-ге жуық үй су астында қалудың алдында тұрады. Енді бұның бәрі артта қалды. Қазір Балкашино ауылындағы Жабай өзенінің табаны тазаланып, арнасы 35 метрге дейін кеңейтіліп жатыр.
Меңдібай Қопабаев, Балкашино ауылының тұрғыны:
- Біз өте ризамыз. Осы біздің ауданымызда осындай керемет бір жұмыс жүргізіліп жатыр. Өзен 3-4 метрге тереңдетіліп, кеңіп жатыр. Су да тазарды. Қаншама жұмыстар істелді. Риза болатынымыз осында қызметкерлер күні-түні жұмыс істеп жатыр.
Балкашино ауылындағы өзенді тазартуға 4 млрд теңге бөлінді. Терендету жұмыстары былтыр басталды. Болашақта бұл жерде жаңа демалыс орны салынады.
Дулат Жахин, Балкашино ауылының әкімі:
- Бұл жерде жаңа жағажай болады. Яғни жергілікті тұрғындар мен туристердің қолайлы демалуына барлық жағдай қарастырылады. Өз кезегінде бұл өңірдің туристік әлеуетін көтеріп, саланы дамытуға зор мүмкіндік береді.
Владислав Гаевский, мердігер ұйымның бас инженері:
- Қазір өзенді тазарту жұмыстарына 50-ден астам техника жұмылдырылған. Оның 26-сы түбін тазалап, тереңдететін заманауи экскаватор. Сондай-ақ шамамен 2 млн текше метрге есептелген су қоймасын салып жатырмыз.
Дәл осындай жұмыстар Атбасар ауданында да жүріп жатыр. Онда арнайы техника өзенді 10 метрге дейін тереңдетіп, бар қоқыс шығарылып жатыр.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Ақмола #өзен #Таза ҚазақстанPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz