Абай облысында жастардың еңбекке араласуына мүмкіндік беретін мемлекеттік бағдарламалар сәтті жүзеге асып келеді.
Жас мамандар тәжірибе жинап, еңбек нарығында өз орнын тауып жатыр. «Мұндай жобалар өңірдегі жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге оң әсерін тигізді», - дейді мамандар.
Мәдина Байман биыл колледж бітіріп, өз күшімен жұмыс таба алмай біраз әурсе-сарсаңға түскенін айтады. Амал жоқтан мансап орталығына барып еді мәселесі оңынан шешілді. Жас маман «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы бойынша балабақшаға тәрбиешінің көмекшісі боп орналасты.
Мәдина Байман, тәрбиешінің көмекшісі:
- Енді бітірген жастар үшін жақсы мүмкіндік деп ойлаймын. Өйткені қайда жұмысқа баратыныңды білмейсің басында сол кезде жақсы жолдарын нұсқап, көмектеседі. Бұрын тәжірибе болмаған қазір осындағы мамандармен тәжірибе алмасып, олар маған көмектесіп жақсы жұмыс жасап жатырмыз.
Ал Еркежан Қалиева - Аягөз аудандық ауруханасында мейірбике. Емдеу мекемесіне «Ұрпақтар келісімшарты» бағдарламасымен келген. Қазір зейнет жастағы мамандардың тәжірибесін меңгеріп жатыр.
Еркежан Қалиева, мейірбике:
- Бұл жақтағы тәжірибелі мамандар маған өздерінің бар білгендерін маған үйретіп жатыр. Жақында зейнетке шығатын адамның орнына мені тағайындап жатыр. Соған мен тәжірибе өтіп жатырмын. Қай жерге бару керек екенін барлығын нақтылап түсіндіреді. Жұмыс таба алмай жүрген жастардың барлығына осындай орталықтардың болғаны дұрыс деп ойлаймын.
Өңір бойынша «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 224 жас маман еңбек жолын бастаса, «Ұрпақтар келісімшарты» бағдарламасы арқылы 8 адам кәсіби мамандардың тәлімін алып, кәсіби дағдыларын жетілдіріп жатыр.
Еркебұлан Тұрсын, Еңбек мобильділігі орталығының директоры:
- Бұл бағдарламар оқуын жаңа аяқтаған, жасы 35-тен аспаған түлектерге алғашқы жұмыс тәжірибесін алуға мүмкіндік береді. Бағдарлама жалпы 6-18 айға дейін жалғасады, ай сайын 30 АЕК көлемінде еңбекақы алады.
«Қазір Абай облысында 11 мыңнан астам тұрғын жұмыссыз ретінде тіркелген. Көрсеткіш былтырға қарағанда 5 мың адамға кем. Демек еңбекпен қамту бағдарламалары маман тапшылығы мен жұмыссыздық мәселесін шешуге септігін тигізіп келеді», - дейді мамандар.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков, Медет Өмірханов
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Абай облысы #жұмыссыздық #жас маманPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz