RU
Толық нұсқаға өту

Жылан жылы қыс қандай болады?

04.11.2025, 09:00 964

Биыл қыс жылы болады.

Дегенмен, шаруаның көңілі күпті. Өйткені қар қалың түсіп, жерге тоң қатпаса, жұртқа бұл да уайым. Жыл басын наурыздан санайтын қазақ бұл келген жыланның қысы дейді. Ал жыланның қысы жанға жайлы болғанымен малға жайлы бола ма? Бұл жөнінде бұрынғылар не деген?

Ертеректе киіз үйдің түндігін түріп, жұлдыздарды зерттегендер болған. Күндіз тіршілікпен біте қайнасып өскен жұрт, табиғаттың тілін ұғуға тырысқан. Сөйтіп, күннің райын да алдын ала болжаған. Халық мұндай мамандарды есепші дейді.

Өмір Кәріп жазушы, этнограф:

- Қазақтың өзінің күнтізбесі болған. Бірақ ол ауызша айтылады. Үш тоғыс, жеті тоғыс дейді. Мысалы, менің өзімнің тәжірибемде қар түскен кезде жылқыны қараймын. Жылқы ажарлы боп, жүні жылтырап тұрса Ооо, биыл қыс жайлы болады, боран аз соғады,аяз аз болады деп үміт етемін.

Этнографтың жорамалын жылқыға қарата айтуы тегін емес. Ғалымдар күн райын алдын ала сезетін 600 жануарды анықтапты. Қазір құрылғылар мен  техниканың түр-түрі болса да, болжау жағынан тірі табиғат иелеріне жетпеген деседі. Мәселен, көзі тірісінде Зайсан өңірінің есепшісі Мәуленбай қарт мынадай деректер қалдырған.

Өмірзақ Мәуленбай, есепшінің ұлы:

- Суыр ерте жатса, қыс ерте түседі деп есептейді. Құмырсқа мынау илеуін қарағайдың түбіне, ағаштың мол өр жаққа салса онда қар қалың болады. Қыс қатты болады деп есептейді екен. Ана илеуі қалың болса, суық болады деп, ал жадағай еңістеу жерге салса қыс жеңіл, қар жұқа болады дейді екен. 

Өмірзақ Мәуленбайұлының жорамалы бойынша биыл қыс жайлы болады. Өйткені құмырсқаның илеуі қалыпты, жапырақтар да уақытымен сарғайып, жерге жайырақ түсіп жатыр. Әрі жабайы аңдардың мінезінен де ерекшелік байқалмайды. Синоптикердің болжамы да осыған ұқсас. 

Жұлдыз Қылышбекқызы, "Қазгидромет" РМК Басқарма бастығы:

- Қыс мезгілі қоңыржай, жылы болады деп күтілуде. Бірақ кей кезеңдерде ауа температурасының жиі өзгеруіне байланысты қар жамылғысында мұз қабыршығы жиі пайда болуы ықтимал. 

Қазақы жыл санау бойынша биылғы қыс жылан жылына тұспа-тұс келіп отыр. Осы тұрғыда бұл жорғалаушыға деген халқымыздың танымына көз жүгірттік.  

Батырхан Жұмабай, этнограф, тарихшы:

- Биылғы жылан жылы. Қазақта өздеріңіз білесіздер жылан киелі жануар деп есептелмейді, бірақ та жыланның бір өзінің қасиеті бар деп есептеледі. Өйткені жыланға үйге кірген жыланға ата-бабамыз басына ақ құйып шығарған. Жыланға жақсы бір сезіммен қарайды. Сосын жылан жылы ылғи жақсы жыл болады деп ойлайды. 

Бұл күнде ел арасынан есепші табу қиын. Есесіне технология дамыған. Бірақ кейде сол технологияның да дәл сөйлемейтін тұстары бар. Ал ескі көз есепшілер аң, құс жердегі жәндікпен тілдескен деседі. Бұлар адам тәрізді сөйлемегенмен табиғаттың тілін түсінген.

Әли Тұрғанбек, Мадияр Қындыбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz