Елімізде ветеринария саласында кадр тапшы.
Биылдың өзінде 300 мал дәрігерінің орыны бос. Төрт түлікті түлетіп, ата кәсіпті жалғап отырған ауыл-аймақтарға мұндай маман ауадай қажет. Сұраныс жыл санап өсіп келеді. Алайда бұл бағытқа бет бұрғысы келетіндер қатары кемеймесе, өспей тұрған көрінеді. Тапшылық түйткілі қалай шешімін табады. Қандай ынталандыру шаралары іске асырылып жатыр.
Саттар Құлбаевтың мал дәрігер боп жүргеніне 40 жылдан асыпты. 1986 жылы Оралда оқуын аяқтап, табан аудармастан осы салада еңбек етіп келеді. Зейнет жасына жетсе де, мамандығына деген махаббаты өшпеген. Әлі күнге ізденсем, елге көмек етсем деп отыр. Таңның атысынан күннің батысына дейін шаруа қожалықтарын аралап, әр түліктің ауруын тап басады.
Саттар Құлбаев, мал дәрігері:
- Бұл мамандықты игеру үшін қажырлы еңбек керек. Күн демей, түн демей малы ауырған адам мұқтаж болып келеді. Соған кез келген уақытта көмектескені жақсы. Қазір жастар біркелкі келіп жатыр. Бірақ жоғарғы орындар жастарға еңбекақысын көтеру жөнінде, келгеннен кейінгі үй-жайына орналасу жөнінде көп көңіл бөлуі қажет.
Бүгінде ауылдардағы мал дәрігерлерінің дені Саттар Құлыбаев сынды зейнет жасында. Жастардың салаға құлық танытпай тұрғаны аға буынды да қынжылтады. "Мемлекет тарапынан жеткілікті көмек көрсетілсе" , - дейді олар. Министрлік ақпарына сүйенсек, қазіргі елде 12 мыңға жуық мал дәрігері қызмет атқарады. Өңірлерде 373 ветеринар дәрігердің орны бос тұр. Аумақтық инспекцияларда тағы 185 вакансия бар.
Арман Ахметов, Аршалы аудандық ветеринариялық станциясының басшысы:
- Өзімде кей кезде мына практикаға келген жастардан сұраймын. Қалай сендерді жұмысқа тартамыз деп. Көбісінің айтатыны айлық. Бірінші кезекті жастарға айлық дейді. Осыдан 5 жыл бұрын ветеринарлар 80-90 мың тапқан. Қазіргі күні 340-300 мың табады. 2026 жылы айлықты көтереміз деп отыр.
Тапшылықты толтыру үшін ветеринариялық қызмет мамандарының мәртебесін арттыру мәселесіне назар аударылып отыр. Атқарылар алғашқы шаруа - жалақы. Келер жылдан бастап мал дәрігерлерінің еңбек ақысы 150 пайызға көтерілмек. Салада оқып жатқан студенттер үшін стипендияларын көбейту де көзделген. Ал ауыл-аймақтарға еңбек етуге барған жастарға арнайы квоталарды кеңейту қарастырылады. Осылайша 2027 жылға дейін сұранысты толық жабу мүмкіндігі бар деп сендірді министрлік маманы.
Тасқын Қызайбаев, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары:
- Қаржы министрлігі тарапынан қолдау тапты. 2026 жылдан бастап заңға өзгерістер енгізілетін болады. Күшіне енгеннен бастап 22 млдр теңге көлемінде қаржы қарастырылып отыр.
«Жұмыс істеймін» деп келген жасқа қолайлы жағдай жасау мәселесі де қарастырылады. Ауылды жерлерде тозығы жеткен, ескі вет станциялар жаңартылады. Жоспар бойынша 1278 елді мекенге су жаңа нысан салынады. Ілкімді іске қазынадан 66,2 млрд теңге қаржы бөлінбек.
Кәмшат Мұхамеждан, Самат Қазанбаев
Тегтер #ветеринария #маман #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz