Жамбыл облысында келер жылы жаңадан үш су қоймасы салынады. Оған қоса тозығы жеткен екі қойма қайта жаңғыртылады. Соның есебінен суармалы жердің көлемі артып, су тапшылығы мәселесі ішінара шешімін таппақ. Жөнделетін су қоймасының бірі - Терісащыбұлақ.
Жуалы мен Жамбыл ауданының егіншілері тіршілік нәрін осы Терісащыбұлақ су қоймасынан алады. Гидроқұрылымның сыйымдылығы 158 млн текше метрге жетеді. Алайда 145 млн текше метр су жинауға техникалық рұқсаты бар. Себебі жеті жыл бұрын оның жоғары тұсынан жарықша пайда болған.
Мерей Бает, тілші:
- Терісащыбұлақ су қоймасы осыдан 62 жыл бұрын салынған. Мына тұрған су тоспалары да сол кезде қолданысқа берілді. Дегенмен бірде біреуі әлі күнге дейін жаңармаған. Тек жамап жасқап жұмысқа жаратып отыр. Сондықтан су тоспалары ауыстыруды қажет етіп, бетондары үгітіліп жатыр.
Өңірде «Қазсушар» мекемесіне қарайтын 576 нысан бар. Оның жетеуі ірі су қоймасы. «Кеңестік кезеңнен бері тек біреуіне күрделі жөндеу жасалған. Стратегиялық нысандарды жаңғыртудан бөлек, цифрландыру қажет», - дейді ғалымдар.
Ғалия Омарова, техника ғылымдарының докторы:
- Су қоймаларының өзі төлқұжатына сәйкес өзінің жұмыс істеу мерзімінен өтіп кеткен. Біз түбегейлі жөндеу жұмыстарын жасауымыз керек. Әлемдік стандартта ол автоматтандырылған түрде суды бөлістіру, оны сандық негізге ауыстыру. Өйткені біз спутник арқылы не болмаса қашықтан зерделеу арқылы судың деңгейінің өзгеруі, судың астында болып жатқан тұнбалардың жинақталуы сол процестердің барлығын сандық түрде мәліметтерді алып, бақылап отыруымыз керек. Осы деңгейге көтеруіміз керек.
Ал жауаптылар мәселенің кезең-кезеңімен шешіліп жатқанын айтады. Бұған дейін Тасөткел су қоймасы қайта жаңғыртудан өтті. Келер жылы «Терісащыбұлақ» пен «Қарақоңызда» құрылыс жұмыстары басталады. Нысандардың бас құрылымы жөнделіп, құлақтандыру мен бейнебақылау жүйесі орнатылмақ. Оған қоса келген және ағызылған судың есебін білу үшін автоматтандыру жүйесі қосылады. Жалпы келер жылы облыс бойынша үш жаңа су қоймасы салынады.
Әлішер Өсербаев, «Қазсушар» РМК ОФ бөлім басшысы:
- Тасқыннан келген суларды жауын шашыннан жиналған сулардың барлығын көктемде оған дейін жинап вегетация кезінде суармалы жерлерге су беру мақсатында салынатын су қоймалары болып есептеледі. 6500 га жерді қосымша сумен қамтамасыз ету мақсатында Ақмола су қоймасын салу жоспарланған. Қалғұты су қоймасы 15,5 млн текше метр болатын болса, Ырғайты су қоймамыз 30,2 млн текше метр су жинап су тапшы уақытта вегетацияның ішінде тамыз айларында Георгиев магистральды каналын 28 мың гектар жерді қосымша сумен қамтамасыз ету болып табылады.
Жамбыл облысында егін шаруашылығымен айналысатындар саны 5 мыңға жуықтайды. «Оларға қажетті судың 80%-ы Қырғызстаннан келеді. Жаңадан салынатын гидроқұрылымдар су тапшылығын ішінара шешеді», - дейді су шаруашылығының мамандары.
Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә
Тегтер #Жамбыл облысы #су қоймасы #қазсушар
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz