RU
Толық нұсқаға өту

Ағаштан түйін түйген шебер Жетісу облысында тұрады

11.11.2025, 09:06 464

Жетісу облысының 75 жастағы тұрғыны тал-шыбықтан себет өріп, түрлі бұйым жасайды.

Шебердің қолынан шыққан заттарға шетелдіктер де таңдай қағып, таңырқай қарайды. Бір қызығы қарт бұл кәсіпті зейнетке шыққан соң үйренген. Көксу ауданының Балпық би ауылында тұратын шебермен тілшіміз Шыңғыс Қалиден тілдесіп қайтты. 

Қыс қамына кіріскен Юрий Қожабердинов үшін қазір ағыз қарбалас шақ. Қарт шебер таңдап алған тал шыбықтарын буып, шеберханаға көптеп тасып алуға тырысып жатыр. Жиналған жіңішке бұтақтардан алдағы бірнеше айда әртүрлі бұйым жасайды.

Юрий Қожабердиев, қолөнер шебері:

-Шыбық жинап әкелу үшін өзен жағалап біраз жол жүремін. Ауыл маңында мал көп жайылатындықтан, сыртқа шығуға тура келеді. Алыстан арбаламау үшін ағаштың көшетін әкеліп, аулама егіп қойдым. Қазір қажетіме қарай осы жерден аламын. 

Қария себет өруді 63 жасында қолға алған. Бастапқыда ғаламтордағы бейнежазбаларға қарап отырып үйреніпті. Кейін орындық, үстел, сынды күрделі заттарды жасап шығарған. 12 жыл ішінде ол сүйікті кәсібінің білікті маманына айналды.   

Шыңғыс Қалиден, тілші:

-Қолөнер шеберінен біз де сабақ алдық. Мысалы, мына гүл салғышты жасау үшін алдымен ағаш қабығын суға жақсылап шылап алу керек. Сол кезде ол жіптей жұмсақ әрі біркелкі болып иіледі. Кәнігі маман машақаты көп істі: «Жұмыс емес, жүрек қалауы»,- деп біледі. Сондықтан ол әрбір бұйымын зор ыждаһаттылықпен жасайды.

Тұрмыстық кәдеге жарайтын бұйымдарды тоқу оңай емес. Мына тербелетін орындықтың шыбығын дайындауға екі апта, жасауға да сонша уақыт кеткен. Табандылықты қажет ететін істе зейнеткерге зайыбы көмектеседі.

Людмила Қожабердинова, Балпық би ауылының тұрғыны:

-Біздің қолымыздан шыққан заттар үйде ұзақ тұрмайды. Себебі қоңырау шалып, алдын ала тапсырыс беретіндер көп. Қазірдің өзінде Алматы, Риддер сынды бірнеше қалаға гүл салғыш пен себет жібердік. Біздің өнімді Ресейге, Германияға, Сингапурға алып кеткендер бар. 

Шеберлер отбасы ауласын абаттандырып, гүлмен көмкерген. Бақтың етегіндегі шағын тоғанда балық та өсіреді. Сұлулыққа жаны құмар жандар: «Адам баласы табиғатпен үйлесімде өмір сүру керек», - деп біледі. 

Шыңғыс Қалиден, Жеңіс Әбдірешов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz