Оралда Қазақстан-Ресей ХХІ өңіраралық ынтымақтастық форумы басталды.
Оған кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметкерлер, сарапшылар – барлығы 300 адам қатысып жатыр. Жиында екі ел арасындағы бірлескен жобалар талқыланып, өзара әріптестік жөнінде маңызды құжаттарға қол қойылады.
Форум жұмысы Оралдағы бірнеше аймақта ұйымдастырылған. Мәселен, Достық үйінде жастар мәселесі талқыланып жатыр. Қазақстан мен Ресейдің жастары тың идеяларымен бөлісіп, волонтерлық қозғалысты дамыту жөнінде пікір алмасты.
Азат Қадыров, Татарстан Республикасының жастар ісі жөніндегі министрі:
- Біз қазақстандық әріптестермен волонтерлық қозғалысқа байланысты келісімге келдік. Сіздердің сарапшыларыңыз өте қызықты жобаларымен бөлісті. Сондықтан ортақ жобалардың жүзеге асары сөзсіз.
Асхат Рамазанов, кәсіпкер:
- Біздің жоспарымыз айқын. Қазір Оралда 10 экопункт ашуды көздеп отырмыз. Енді ресейліктер де қызығушылық танытып жатыр. Бұл өндіріс көлемін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Қазақстанда соңғы үш жылдың ішінде волонтерлар саны 3 есеге артып, 275 мың адамға жетті.
Біржан Әлімжанов, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі комитеті төрағасының орынбасары:
- Қазақстан мен Ресей шекаралас көршілер. Сондықтан маңызды жобалаларды бірлесіп жүзеге асыру керек. Мәселен, келесі жылы Астанада ауқымды форум өтеді. Оның жұмысына көрші ел де тартылады.
Форум аясында пленарлық сессиялар өтті. Онда жұмысшы мамандықтары, өнеркәсіпті жаңғырту, озық технологиялар мен инфроқұрылымды дамыту мәселелері қаралды. Жасанды интеллект пен цифрландыру салалары да назардан тыс қалған жоқ.
Светлана Кумова, университет өкілі /РФ/:
- Біздің университетте бірнеше стартап жоба бар. Солардың бірі Фиджитал студиясы. Онда спорттық ойындар қосымшасы жасалды. Ол арқылы спортшы жел мен ландшафты құбылыстарды виртуалды түрде сезіне алады.
Форум жұмысы қарашаның 12-сі қорытындыланады. Онда Қазақстан мен Ресей арасындағы маңызды бағыттар бойынша іскерлік құжаттарға қол қойылады деп жоспарланып отыр.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Альбина Құмарғалиева, Эльдар Аюпов
Тегтер #Орал #өңіраралық форум #Қазақстан #24KZ #Жұмысшы мамандықтар жылыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz