RU
Толық нұсқаға өту

Жайық өзенінде көксерке көбейді

12.11.2025, 08:50 377

Күз басталғалы Жайық өзенінде көксерке балығы көбейді, деп хабарлайды 24KZ. Мамандардың айтуы бойынша бұл құбылыс былтырғы көктемде өр суының көтерілуімен және Каспий теңізінің өзенге құяр арнасының кеңеюімен тікелей байланысты. Табиғи жағдайлардың жақсаруы өз жемісін бере бастаған. 2025 – 2026 жылдары «Жайық-Каспий» бассейнінен балық аулауға Атырау облысына 14 700 тонна квота бөлінді. Бұған дейінгі бес жылда аймақтағы балық шаруашылығы мекемелері белгіленген лимиттің тек 30, 40%-ін ғана игерген еді. Алайда биылғы маусым балықшылар үшін сәтті өтіп жатыр. Кәсіп иелерінің айтуына қарағанда тәулігіне 10-12 тоннаға дейін су маржанын аулауға мүмкіндік туған.

Ұзындығы 250 метрден асатын сүзбе ауды жағаға жеткізу әжептәуір уақыт алады. Біз күттік. Бүгінгі тартымда балықшылардың қоржыны толық болып шықты.

Арыстанбек Кенже, тілші

- Бұл көріп тұрғандарыңыз – «кіші Дамбы» тартым учаскесі. Қазір мұнда балықшылар алғашқы ауды шығарғалы жатыр. Жалпы биыл балықтың шығымы жаман емес секілді. Оны қазір балықшылардың өздерінен сұрап білейік.

Сырлыбай Есқалиев, балықшы:

- Биыл енді балығымыз мол болып жатыр, әсіресе, судак көп. Теңіздің арқасы, каналдар қазылды, содан табысымыз жақсарды. Бір тәулікте 12-15 тоннадай балық шығады.

Жайық өзені бойындағы «Дамбы» балық шаруашылығы инспекциясына қарасты 11 тартым учаскесі бар. Онда 9 табиғат пайдаланушы балық аулап жатыр. 5 жылдан бері мемлекеттік лимитті игере алмай келген балықшылар үшін енді ақжарылқап күн туғандай. 

Амангелді Ахтанов, «Дамбы» балық шаруашылығы инспекциясының ихтиологы:

- Қазір күзгі балықтың жүрісі жақсы. 15 тамызда басталды. Ол кезде күн ыстық болып, балық жүрген жоқ. Қазір қыркүйек, қазан, қараша айларында балық Жайық өзенінде жақсы. Қазір енді уақ балық жүріп жатыр. Олар табан, вобла, рыбец, майбалықтар жүріп жатыр.

«Жайық-Каспий» бассейнінде 18 балық шаруашылығы кәсіпорны жұмыс істейді. Олар балықты аулаумен де, өңдеумен де айналысады. 2024 жылдың 1 шілдесінен бері облыста 10 мың тоннадан астам балық ауланған. Оның 1820 тоннасы Жайық өзенінен, 3 мың тоннасы Қиғаштан, 6000 тоннасы Каспий теңізінен ауланды. Өндірістік коопертивтер ауланған балықтың 40%-ін еліміздің ішкі нарығына шығарып жатыр.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz