RU
Толық нұсқаға өту

Отандық агроөнімге сыртқы нарық сұранысы қандай?

12.11.2025, 17:12 345

Еліміз ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық географиясын кеңейтуде. Биылғы сегіз айда 4 млрд теңгеден астам сомағ агроөнеркәсіп кешені тауарлары сатылды. Жартысы – қосылған құны жоғары өнімдер. Шетелдік инвесторлар қай бағыттарға инвестиция салуды құп көреді? 

Майлы, дәнді және бұршақты дақылдар. Кейінгі жылдары шет мемлекеттер Қазақстанның осы агро-өнімдеріне сұранысын артырды. Біздің диқандар жасымық пен рапс экспорттауға да мүмкіндік алды. Сосын күріш, мақта, бақша дақылдары мен қарбызды сыртқы нарыққа шығару жөнінде келіссөздер басталды. Елордада дәнді және бұршақты дақылдарды қайта өңдейтін инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Зауыт 2028 жылы пайдалануға беріледі.

Талғат Бәкенов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Халықаралық ынтымақтастық және инвестиция тарту департаменті басқарма басшысы:

- Бұл жоба аясында 2,5 мың тонна астық пен 80 мың тонна бұршақ өңдеу қарастырылған. Өте жақсы, экспортқа бағытталған жоба. Өнімнің негізгі өткізу нарықтары – Америка. Біз өзіміздің қайта өңделген өнімді Солтүстік Америка нарықтарына жеткізетін боламыз. Қазақстанның агроөнеркәсіптік әлеуеті зор. Бізде еңбек ресурсы арзан, шикізаттық база бар және ең бастысы – өткізу нарықтары бар. Инвесторлар Қазақстанға келеді, себебі көршілес Қытай – өте үлкен нарық, сол жаққа дайын өнім жеткізуге мүмкіндік бар.

Биыл қолға алынған маңызды жобаның бірі – Жамбыл облысындағы жүгеріні қайта өңдеу өндірісі. Қытайлық ірі компания 800 млн АҚШ долларын өндірістік парк құрылысына инвестициялайды. Зауыт жылына 1 млн тоннаға дейін өнім өңдей алады. Кәсіпорынды іске қосу 3 кезеңнен тұрса, алғашқысы келер жылға жоспарланған.

Талғат Бәкенов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Халықаралық ынтымақтастық және инвестиция тарту департаменті басқарма басшысы:

- Бұл өнімнің барлығы жүз пайыз экспортқа бағытталады. Біз үшін бұл – қосылған құны жоғары өнім. Ол тағам өнеркәсібінде, косметологияда және денсаулық сақтау саласында қолданылады. Жоба аясында мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұл өңірдің дамуы үшін маңызды әрі іргелес салалар үшін де тиімді. Келісім аясында инвесторлар аймақты дамытуға серпін беретін нақты міндеттемелерді де өз мойнына алады.

Биылғы 9 ай қорытындысы бойынша ел экономикасына 1 трлн теңге шетелдік инвестиция тартылды. Шамамен 800 млрд теңгесі ауыл шаруашылығы саласына тиесілі. Жыл соңында жалпы сома 2 трлн теңгеге жетуі тиіс. Межеленген жоспар осындай. Сондай-ақ қазақстандық күнбағыс майы мен ұн АҚШ-та өз тұрақты тұтынушысын тапты. Жақында Америка нарығына ет жеткізе бастаймыз.

Рамазан Сламхан, «Qaztrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ АҚШ-тағы ресми өкілі:

- Қазақстандық өнім АҚШ аумағында таныла бастады. Нью-Джерси, Нью-Йорк, Иллинойс, Чикаго штаттарындағы  кәсіпкерлер Қазақстаннан ұн, өсімдік майын алады. Болашақта ет сатып алуды көздеп отыр. Сонымен қатар кондитерлік өнімдерге сұраныс бар. Өнеркәсіптік бағытта Қазақстаннан уран, мұнай және металлдар экспортталады. Қайта өңделген және дайын өнім экспортының өсу үрдісі байқалады. Біздің міндет – қазақстандық тауарлар брендін нығайтып, тұрақты экономикалық әріптестікке айналдыру.

Ұлттық инвестициялық пул тізіміне мыңнан астам жоба енгізілді. Жыл соңына дейін шамамен 400-і іске қосылады. Мамандар бүгінде отандық бренд сапалы, экологиялық таза және технологиялық өнім ретінде лайықты бағалануда, - дейді.

Ғабидолла Оспанқұлов, ҚР Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы:

- Бүгінде ұлттық инвестициялық платформа жұмыс істеп тұр. Онда жалпы сомасы 75 трлн теңге болатын 1114 жоба тіркелген. Іске асырылған жобалардың нәтижесінде 150 мың тұрақты жұмыс орны ашылады. Қытайлық инвесторлар еліміздегі негізгі үш серіктестің бірі болып отыр. Сондай-ақ Ресей, АҚШ, Оңтүстік Корея, Араб елдері, Германия, Франция және Нидерланды инвестиция көлемі бойынша көш бастап тұр.

Болашақта еліміз органикалық өнім өндірісін дамытуға ден қояды. Себебі шетелде зығыр, соя, түрлі дәрілік шөптерге сұраныс артуда. Қазірдің өзінде Германия, Швеция, Бельгия, Чехия және басқа да бірқатар елге шығу жолдары қарастырылған.

Авторы: Рухани Әбдірахман

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz