RU
Толық нұсқаға өту

Экспорттық-кредиттік агенттік қолдау көлемін арттырып жатыр

12.11.2025, 21:17 427

«Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» отандық өндірушілерді қолдау шарасын кеңейтіп, ұлттық экономикамыздың экспорттағы үлесін арттыруда.

Агенттік сақтандыру, қаржы және кепілдік беру сынды қызмет түрлері арқылы шикізаттық емес өнім нарығын жан-жақты қолдап отыр. Нақтырақ айтсақ, Экспорттық-кредиттік агенттік жыл басынан бері отандық өндірушілерге 550 млрд теңгеден астам сомаға қолдау білдірген. 

Құмыра мен шөлмекке қақпақ жасайтын ALA Sintez компаниясы 20 жыл бойы импортты отандық өніммен алмастыруға атсалысып жүр. Өндіріс жылына 15-20 пайызға артып келеді. Кәсіпорынға экспортқа шығу үшін мемлекеттік кепіл мен демеу қажет. Осы мақсатта «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігінің» қолдауына жүгінген. Агенттік көмегімен Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне құмыра қақпақтарын экспорттап жатыр.

Юрий Дюпин, «ALA Sintez» ЖШС бас директоры:

– Бізге агенттік тарапынан үлкен қолдау көрсетілді. Соның арқасында экспорт көлемін 50 пайыздан 75 пайызға дейін арттырдық. Алда агенттікпен атқаратын жаңа жоспарлар бар. Шетелдіктермен де байланыс артып келеді. Келесі жылы экспорттың үлесі арта түседі.

«Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» – шикізат емес экспортты дамытуға демеу беретін ұлттық институт. Агенттік отандық өндірушілердің экспорттық тауарларын сақтандырудан бастап, банктерден алынатын несиеге кепілдік береді. Жалпы 20-дан аса қолдау құралы бар.

Мұхтар Жәмішжанов, «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ Баспасөз қызметі басшысының орынбасары:

- Компанияның өзінің қажеттілігіне байланысты бізде неше түрлі өнімдер бар. Компания егер де қаржы таба алмай жатқан жағдайда біздің кепілдік арқылы қаржы институттарына қаржы табуға болады және өндірісті кеңейтуге мүмкіндік бар. Одан кейін модернизация жасауға болады. Біздің қолдау арқылы шетелдік әріптестермен келісе отырып жаңа нарықтар табуға болады.

Биыл Агенттік қолдауына ие болған 100-ден аса экспорттаушының 18-і жаңа кәсіпорын. Мемлекеттік қолдаудың 70 пайызы шағын және орта бизнеске тиесілі. Жалпы 2025 жылдан бері 371 экспорттық келісімшар жасалған, ал олардан келіп түскен экономикалық пайда 1,5 трлн-нан асып жығылады.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Радик Жакупов 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz