Әлем саудасы жаңа серпін алды. Бұған бір есептен геосаяси ахуалдар да себеп. Осы әлемдік сауда транзитінің бел ортасында енді Қазақстанның рөлі айқындала бастады. Сондықтан Мемлекет басшысы бүкіл ел аумағында кедергісіз тасымалдау жүйесін қалыптастыруды тапсырды. Әсіресе жүк тасымалдауға арналған шекара маңындағы қызмет сапасын жақсарту маңызды. Биыл бірқатар өткізу бекеті жаңғыртылып жатыр. Кеден саласын цифрландыру да жемісін беруге тиіс.
Елде бас-аяғы 55 автомобиль өткізу бекеті бар. Логистикалық мүмкіндікті еселеу үшін шекара маңындағы қызмет сапасын жақсарту қажет. Осылайша алдағы 5 жылда 37 нысан жаңғыртылады. Соның бірі – Батыс Қазақстандағы «Сырым» бекеті.
Сәкен Ділдахмет, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының ресми өкілі:
- 2025 жылы 14 өткізу пунктінде біз қайта жаңарту жұмыстарын өткізуді жоспарладық. Қазіргі таңда 4 өткізу пунктінде жұмыстар басталды. Қалған пунктерде мердігер компанияны анықтау, конкурстық процедуралар өткізіліп жатыр. Автомобиль өткізу пунктерін жаңғыртудың бірінші себебі, әрине, көлік қозғалысының артуын қамтамасыз ету. Қазір Қазақстан көрші елдермен көлік логистикасы бойынша орталыққа айналды.
Қытай, Өзбекстан және Түрікменстанмен шектесетін 9 кеден бекетінде ірі құрылыс және техникалық жұмыстар жүргізілетінін Мемлекеттік кірістер комитеті де растады. Ондағы жолақтар тексеріліп, цифрлық бақылау жүйелері орнатылып жатыр.
Абылайхан Чанаев, ҚР ҚМ МКК Өткізу пункттерін үйлестіру басқармасының бас сарапшысы:
- Реконструкцияға қарамастан бекеттер қалыпты және штаттық режимде жұмыс жасап тұр. Қазіргі таңда 4 заманауи нысан іске қосылды. Екеуі Қытаймен шекарада Қалжат, Алакөл кеден бекеттері, екеуі Өзбекстанмен шекарада Қапланбек және Атамекен кеден бекеттері. Нәтижесінде көлік өткізу уақыты бұрынғы 9 сағаттың орнына 30 минутқа дейін қысқарды. Көлік ағымы 2,5 есе артты. Ал рәсімдеу уақыты 15 минуттан аспайды.
Шекараның өткізу қабілеті қазір 25% ұлғайды. Мамандар Қалжат және Алакөл бекеттерінің Қазақстан мен Қытай арасындағы экспорттық, импорттық және транзиттік операцияларды рәсімдеуде маңызды рөл атқаратынын айтады. Ал Атамекен және Қапыланбек бекеттері Орталық Азия, Ресей және Еуропамен байланыстыратын басты транзиттік торап саналады. Яғни жүктің 90%-і осы бағыт арқылы өтеді.
Абылайхан Чанаев, ҚР ҚМ МКК Өткізу пункттерін үйлестіру басқармасының бас сарапшысы:
- Модернизация нәтижесінде Қалжат кеден бекетінің өткізу қабілеті 3 есе артты. Тәулігіне 400 автокөлікке дейін. Алакөл кеден бекетінде бұл көрсеткіш 140-тан 450 жүк көлігіне дейін өсті. Әрбір көліктің рәсімдеу уақыты 15 минуттан аспайды. Атамекен кеден бекетінде тәуліктік өткізу көлемі 300-ден 500 көлікке дейін жетті. Қапланбек кеден бекетінде жеке тұлғалар бойынша өткізу қабілеті тәулігіне 50 мың адамға дейін ұлғайды. Орташа өту уақыты жолаушылар үшін 5 минут, жеңіл көлік үшін 10 минуттан аспайды.
Жүк тасымалдаушылар талайдан бері рәсімдердің көп уақыт алатынына шағым айтатын. Енді мәселе шешіле бастады. Тек қағазбастылық әлі де бар. Осы орайда елде жасанды интеллектіні қолдана отырып тасымалды басқарудың кешенді, көпбейінді цифрлық платформасы енгізілмек.
Әсет Тұрысов, ҚР Қаржы министрінің орынбасары:
- Кедендегі барлық ескі жүйені алмастыру – біздің басты мақсатымыз. Шекарада бір ғана жүйе болу керек. Жасанды интеллектіні де қолданамыз. Ол брокерлерге кеңес беруде, тауарларға декларация толтыруда, уақытты үнемдеуге көмектеседі. Сондай-ақ импорттық тауарлардың декларацияда көрсетілген категорияға сай екенін де анықтайды.
Енді жыл аяғына дейін Қытай шекарасында Бақты және Майқапшағай, Өзбекстан бағытындағы Қазығұрт және Тәжен кеден бекеттері, сондай-ақ Түрікменстанмен шекарадағы Темірбаба кеден бекеті іске қосылады.
Авторы: Мерей Мұратханқызы
Тегтер #кеден бекеті #өткізу бекеті #транзиттік әлеует #логистика #жүк тасымалдау #24KZ #Қазақстан жаңалықтары #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz